Жамбылдағы 4 адам қаза тапқан апат: Сая Әуелбекованың әпкесі мен полиция не дейді?
Жамбыл облысында төрт адамның өмірін қиған жол апатын желі қолданушылары спортшы әрі блогер Сая Әуелбековамен байланыстырып жатыр. Оның әпкесі Саяның ауыр апатқа түсіп, ауруханада жатқанын хабарлады. Алайда туысының түсіндірмесі мен полиция таратқан мәліметте айырмашылық бар, деп хабарлайды Politico.kz.
Апат 20 қыркүйек, жексенбі күні Меркі ауданының Қостоған ауылында болған. TANK 500 жол талғамайтын көлігі ВАЗ-2107 (Жигули) көлігімен соқтығысып, жигули жүргізуші мен жол талғамайтын көліктегі үш жолаушы қаза тапқан. TANK 500 тізгіндеген әйел аудандық ауруханаға жеткізілген.
Оқиға бірнеше күннен кейін, желіде жүргізушінің кім екені туралы болжамдар тарағанда қызу талқылана бастады. Қолданушылар апатты бұрын полицияның арнайы жедел әрекет ету бөлімшесінде инспектор болған Әуелбековамен байланыстырып отыр. Ал полиция TANK 500 жүргізушісінің құқық қорғау органдарында қызмет етпейтінін мәлімдеді.
Спортшының парақшасына жазба жариялаған әпкесінің айтуынша, Сая қарсы алдынан шыққан көліктен қашпақ болғанда апатқа ұшыраған. Ол сіңлісінің жағдайы ауыр екенін айтып, бес баласы үшін аман қалуын тілеп, жұрттан қолдау сұраған. Сондай-ақ Саяға жала жабылып жатқанын жазған.
Полицияның алдын ала мәліметінше, керісінше, TANK 500 қарсы қозғалыс жолағына шығып, ВАЗ-2107 көлігімен соқтығысқан.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, Жамбыл облыстық полиция департаментіне берілген. Полиция барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу жүріп жатқанын, істі департамент басшылығы бақылауда ұстап отырғанын хабарлады. Түпкілікті шешім тергеу нәтижесіне қарай қабылданады.
Сая Әуелбекова Қостанай облысының полиция департаментінде көп жыл қызмет еткен, полиция капитаны болған. Ол спорт жарыстарында полиция атынан қатысып, жекпе-жек, панкратион және қол күресіндегі жеңістерімен танылған.
5 баланың анасы Әуелбекова еркін күрестен спорт шебері, жекпе-жектен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбодан спорт шеберіне кандидат әрі Азия чемпионы.
Соңғы жаңалықтар