Жаңа адамдар Өскемендегі Magnum-ның былығын әшкереледі

«Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері Өскемендегі Жеңіс көшесі, 10 мекенжайындағы «Magnum» супермаркеттерінде мерзімі өткен тауарлардың жаппай сатылатынын анықтады. «Время истекло» деп аталатын азаматтық науқан аясында өткен рейд барысында дүкен сөрелерінен бірнеше арба жарамсыз өнім табылған.
Белсенділердің айтуынша, алғашқы тексеріс кезінде кейбір тауарлардың жарамдылық мерзімі бір жылдан асып кеткені анықталған. Сол кезде барлық заңбұзушылықтар тіркеліп, супермаркет басшылығына ескерту жасалған, ал олар жағдайды түзетуге уәде берген.
Алайда, бір айдан кейін жүргізілген қайта тексеріс барысында жағдайдың өзгермегені, тіпті нашарлағаны белгілі болды. Мерзімі өткен тауарлар сөрелерден қайта табылып, олардың қатарына ет және сүт өнімдері қосылған.
Осыдан кейін «Жаңа адамдар» дүкеннің өз тұтынушыларына деген көзқарасын қала тұрғындарына көрсету үшін ерекше акция ұйымдастырды. Олар мерзімі өткен өнімдермен толтырылған үш бөшкені арнайы газельге тиеп, «Magnum мерзімі өткен тауарларды сатады» және «Бұл қоқыс — сіздерге сатпақ болған өнім» деген жазулары бар баннерлермен қаланы аралап шыққан. Содан соң белсенділер химиялық қорғаныс костюмдерін киіп, «УЛЫ ЗАТ» деп жазылған бөшкелерді дүкенге қайта әкеліп, тауарды қайтаруды рәсімдеді.
Осы демонстративті акция кезінде дүкенге сауда желісінің Өскемендегі жауапты директоры келді. Ол белсенділермен бірге сөрелердегі мерзімі өткен тауарлардың көптігіне көз жеткізіп, оларды жою жұмыстарына қатысты. Директор өз дүкенінде мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынына уәде берді.
«Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Амина Аманбаеваның айтуынша, бұл мәселе тек азық-түлікте емес, адамдардың іске деген қарым-қатынасында жатыр.
«Мерзімі өткен тауар — мерзімі өткен сана. Бұл — кейінге қалдыру, елемеу, ұмыту әдеті. Демек, мәселе тек тамақ не заттар туралы емес, бұл — іске, адамдарға, уақытқа деген қарым-қатынас туралы. Ойланатын кез келді. Келесі жолы дүкенге кіргенде жай ғана өтіп кетпеңіздер: мерзімі өткен өнімді көрсеніздер — суретке түсіріп, бізге жіберіңіздер. Бұл — үлкен өзгерістерге апарар қарапайым қадам. „Время истекло“ — тек мерзімі өткен тауарларға қарсы күрес емес, бұл — мерзімі өткен санаға қарсы күрес. Өзгеріс әрқайсымыздан басталады», - деді ол.
Соңғы жаңалықтар





