Жаңа Ата Заңның жобасында қандай өзгерістер бар?

30.01.2026 18:21 Әсел Мұрат Әсел Мұрат
Жаңа Ата Заңның жобасында қандай өзгерістер бар?
177
Фото: ашық дереккөз

Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Жаңа Ата Заңның жобасын таныстырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, жаңа Конституция кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.

Бірінші бөлім – «Конституциялық құрылыстың негіздері»

Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару нысаны – президенттік республика деп тұжырымдалды. 

Бұл ретте Комиссия мүшесінің айтуынша, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын қатардағы заңмен емес, конституциялық заңмен айқындау ұсынылған.

«Егемендік пен Тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық, Республиканың басқару нысаны ешқашан өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылды. Бұл мызғымас талап Конституцияның алғашқы нормаларында бекітілді», - деді Бақыт Нұрмұханов.

Егемендік иесі – Қазақстан халқы

Комиссия отырысында егемендіктің иесі – халық екенін конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныс түскен. Бұл идея Конституция мәтінінде көрініс тапты. 

4-бапта мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы, деп шегеленіп жазылды.

Конституция мәтінінде «республикалық референдум» ұғымы «жалпыхалықтық референдум» деп өзгертілді. 

Бұдан бөлек, халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді және өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді деген норма тұжырымдалды.

Халық Кеңесі – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган

Бір палаталы Парламент үлгісі пен мемлекеттік органдардың жаңартылған жүйесіне арналған ережелер жаңа Конституция жобасының бірнеше бөлімдеріне енгізілді.

Төртінші бөлім – «Құрылтай»

Бір палаталы Парламент моделіне арналған нормалар төртінші «Құрылтай» деген бөлімде жинақталды.

Онда заң шығару органының өкілеттіктері бекітілді, сонымен қатар Құрылтайдың сессияларына және оның қызметін ұйымдастыруға қатысты баптардың барлығы дерлік жаңартылды.

«Заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілердің қатары анықталды. Құрылтай заң қабылдау арқылы реттелетін аса маңызды қоғамдық қатынастардың тізбесі берілді. Заң жобаларын қарау мен қабылдаудың рәсімдері көзделді. Құрылтай Төрағасының лауазымына қатысты мәселелер жеке бапта реттелді» - деп атап өтті Бақыт Нұрмұханов.

Конституция жобасының бесінші бөлімі – «Үкімет» 

«Бір палаталы Құрылтайға көшуге байланысты көптеген ережелер нақтыланды. Олар Үкімет пен оның мүшелерінің Құрылтай алдындағы жауаптылығы мен есеп беру, сенімсіздік вотумын білдіру, Құрылтайға заң жобаларын енгізу, республикалық бюджет және оның атқарылуы туралы есеп беру мәселелеріне байланысты болып отыр», - деді ол.

Алтыншы бөлім Халық Кеңесіне қатысты мәселелерді реттейді

Бақыт Нұрмұхановтың сөзінше, алтыншы бөлім екі баптан тұрады және Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты мәселелерді реттейді.

«Құрамына ел азаматтары кіретін бұл жоғары консультативтік орган Қазақстан халқының мүддесін білдіреді. Оның Құрылтайға заң жобаларын енгізу, республикалық референдум тағайындау туралы ұсынысқа бастама жасау және басқа да маңызды өкілеттіктері белгіленді», - деп атап өтті.

Жетінші бөлім – «Конституциялық Сот» 

Бақыт Нұрмұханов Конституциялық Соттың құрамына, судьялардың өкілеттік мерзімдеріне және құзырына қатысты нормалар негізінен сақталғанын мәлімдеді. 

Осы орайда Конституциялық Соттың конституциялық бақылау жүргізетін және бүкіл ел аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган ретіндегі миссиясы белгіленді.

Конституцияның сегізінші бөлімі – «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» 

Бұл бөлімде сот төрелігінің конституциялық қағидаттары айтарлықтай күшейтілген.

Конституцияға өзгерістер Президенттің шешімімен және тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана енгізіледі.

Сот ісін жүргізу нысандарының қатары артты, судьялардың тәуелсіздігі нығайды. сот жүйесінің кадр мәселелері шешілді.

Сондай-ақ адвокатураның құқықтық мәртебесі алғаш рет Конституцияда нақты бекітілді.

Конституцияның тоғызыншы бөлімі жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару мәселелеріне арналған

Бұл бөлім Құрылтайдың құрылуы және елімізде жүргізіліп жатқан әкімшілік реформаны ескере отырып қайта қаралды. Бірқатар нормалар нақтыланып, мемлекеттік басқарудың жаңа жағдайларына бейімделген.

«Бұл бөлімнің жаңартылуы мемлекет пен қоғамның жергілікті деңгейдегі өзара іс-қимылын тиімді етуге деген ұмтылысты көрсетеді», – деп нақтылады Конституциялық Сот төрағасының орынбасары.

Оныншы бөлім Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібіне арналады

Бақыт Нұрмұханов Конституцияда жаңа, оныншы бөлімнің пайда болғанына назар аударды. Бұл бөлім Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібіне арналады. 

Он бірінші бөлім – «Қорытынды және өтпелі ережелер» 

Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов он бірінші бөлімнің мазмұнына тоқталды.

Бұдан былай Конституцияға өзгерістер Президенттің шешімімен және тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана енгізіледі. 

Сонымен бірге референдум өткізу бастамасын көтеретін субъектілер қатарына Халық Кеңесін қосуды көздейтін норма қарастырылған.

 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий