Жаңа Конституция бойынша референдумға 20,8 миллиард теңге жұмсалуы мүмкін
Орталық сайлау комиссиясы жаңа Конституция жобасы бойынша өтетін жалпыхалықтық дауыс беруге шамамен 20,8 миллиард теңге қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
ОСК мүшесі Михаил Бортниктің айтуынша, бұл қаржы 2026 жылға арналған республикалық бюджетте қарастырылмағандықтан Үкіметтің резервінен бөлінеді. Нақтыланған соманы Үкімет жақын арада бекітуі тиіс.
«Референдум өткізуге қажетті алдын ала есеп 20,8 миллиард теңгені құрады. Бұл қаражат 2026 жылға арналған республикалық бюджетте қарастырылмағанын атап өткім келеді, сондықтан қаржы Үкімет резервінен бөлінеді», – деді Михаил Бортник.
Шамамен 42 миллион долларға тең бұл қаражаттың басым бөлігі немесе 75 пайызы учаскелік комиссия мүшелерінің еңбекақысын төлеуге бағытталмақ. Республикалық референдум 2026 жылдың 15 наурызына белгіленген және дауыс беру учаскелері сол күні таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Еске салайық, 2022 жылы Конституцияға түзетулер енгізу кезінде бюджеттен 16,4 миллиард теңге бөлінсе, 2024 жылы АЭС құрылысы бойынша өткен саяси науқанға 15,5 миллиард теңге жұмсалған еді.
Соңғы жаңалықтар