Жақын туыстарына шектеулер бар: Парламент «Президент туралы» заң жобасын мақұлдады

08.05.2026 11:04 Әсел Мұрат
Жақын туыстарына шектеулер бар: Парламент «Президент туралы» заң жобасын мақұлдады
537
Фото: ашық дереккөз

Парламент палаталарының бірлескен отырысында президент туралы конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Politico.kz.

Заң 8 тарау мен 43 баптан тұрады. 1-тарауда Қазақстан Президентінің мәртебесі айқындалған, оның ішінде қызметке кірісу тәртібі, өкілеттік мерзімі және президент лауазымын атқаруға байланысты шектеулер қарастырылған.

«Осы орайда 2022 жылы енгізілген суперпрезиденттік басқару нысанынан бас тартуға бағытталған тұжырымдамалық қағидаттар өзгеріссіз сақталғанын бөлек атап өткім келеді. Бұл – Президенттің бір реттік жеті жылдық өкілеттік мерзімі, оның жақын туыстарына қатысты шектеулер және Президенттің саяси партиядан тыс болуы туралы нормалар», - деді әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.

Оның айтуынша, 2-тарауда президенттің өкілеттіктері белгіленген. Соның ішінде сыртқы және ішкі саясаттың негізгі бағыттарын айқындауға қатысты құзыреттері, Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы, сондай-ақ кадрлық мәселелер мен норма шығару функциялары айқындалған.

Конституциялық заңда алғаш рет жеке бапта президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты өкілеттіктері бекітіледі. Атап айтқанда, мемлекет басшысы Кеңестің құрамын бекітіп, ұйымдастырушылық инфрақұрылымды қалыптастыру мәселелерімен айналысады.

Заңда конституциялық деңгейде жаңа институт –вице-президент бекітіліп отыр. Бұл - заңның негізгі новелласы.

Вице-президентті  Құрылтайдың келісімімен президентпен тағайындалатын болады. Бұл ретте кандидатқа қойылатын біліктілік талаптары да нақты айқындалған. Сонымен бірге оның өкілеттігін тоқтату негіздері, жоғары лауазымды тұлға мәртебесіне ұқсас шектеулер қарастырылады.

Вице-президенттің негізгі функциясы – Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде президент атынан өкілдік ету. Жаңа қызмет президент әкімшілігінің құрамында болады. 

Заңның 4-тарауына сәйкес, Құрылтай өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылса, я болмаса, уақытша болмауы кезеңінде президент конституциялық заң не заң күші бар жарлықтар шығара алады.  

«Бұл конституциялық шектеулерді сақтай отырып, мемлекеттік басқарудың жеделдігін қамтамасыз етуге бағытталған. 5-тарауда ұсынылып отырған өзгерістер жоғары мемлекеттік биліктің институционалдық тұрақтылығын және мемлекеттік басқару жүйесінің тұтастай үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталған», -деп атап көрсетті Сәрсембаев.

Ал 6 және 7-тараулар президент қызметін қамтамасыз ету және экс-президенттердің мәртебесіне қатысты мәселелерді реттейді.

 

Войдите, чтобы оставить комментарий