Жастар жұмыссыз жүр: Депутат форумдарға ақша жұмсауды тоқтатуды ұсынды
Құрылтай депутаты Дидарбек Ділдәбек имидждік форумдар мен акцияларға кететін қаржыны жастармен жұмыс істейтін мамандардың жалақысына бағыттауды ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz.
«Әділет» фракциясының мүшесі Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа жолдаған сауалында жастарды жұмыспен қамтудағы кемшіліктерді атады.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елдегі 15–34 жастағы жастардың 5,8%-ы оқымайды әрі жұмыс істемейді. Бұл топ NEET санатына жатады. Сауалда 100 мыңнан астам жастың жұмыссыз ретінде тіркелгені, 300 мыңнан астамының уақытша немесе жасырын жұмыссыз жүргені айтылған.
Қазақстанда 235 Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Алайда депутаттың айтуынша, олардың көмегі көбіне қаладағы белсенді жастарға ғана жетеді. Ауылдар мен қала маңындағы қолдауға мұқтаж жастар мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат алмай, қиындықтан шығудың жолын өздері іздейді.
Орталықтар жұмысы жалпылама сипатта қалып, әсіресе жасырын NEET санатындағы жастарға жеке көмек көрсетуге бейімделмеген. Ділдәбек бұл жастардың теріс ықпалға осал екенін ескертті.
Ауылдық және аудандық орталықтар қызметкерлерін материалдық ынталандыру да жеткіліксіз. Жас мамандар «Smart Data Ukimet», «Отбасының цифрлық картасы» мемлекеттік базаларымен жұмыс істей алмайды, жастарға мамандық пен жұмыс таңдауда кешенді көмек көрсетуге қауқарсыз.
Депутат орталықтардың жұмысын өткізген іс-шаралар санымен емес, тұрақты жұмысқа орналасқан немесе қысқа курстарда сұранысқа ие мамандық алған азаматтар санымен бағалауды ұсынды.
Сондай-ақ орталық қызметкерлері ірі базарларға, вокзалдарға және қала маңындағы жұмысшы кенттеріне жиі барып, көшпелі кеңес беруі керек деп санайды.
Тағы бір ұсыныс – «Smart Data Ukimet» жүйесі арқылы көмекті автоматты түрде ұсыну. 15–35 жастағы азамат оқудан шыққанда немесе зейнетақы жарнасы түспегенде, оған eGov Mobile арқылы жеке SMS-ұсыныс жіберу көзделген.
Осы жұмысты күшейту үшін Ділдәбек жергілікті бюджеттен имидждік форумдар мен акцияларға жұмсалатын шығындарға мораторий енгізуді сұрады. Үнемделген қаражат ауылдық және аудандық Жастар ресурстық орталықтары инспекторларының жалақысын көтеруге жұмсалуы тиіс.
Соңғы жаңалықтар