«Жауап өте қарапайым»: Ресей АҚШ-қа қысым жасау үшін қазақ мұнайы тасымалданатын құбырды жабады?
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ-қа қысым жасау мақсатында Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай тасымалдауды тоқтату жоспары туралы таралған ақпаратты шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz порталы INTERFAX.RU-ге сілтеме жасап.
Журналистердің сұрағына жауап берген Кремль өкілі бұл мәліметтің жалған екенін айтып, жобада америкалықтардан бөлек қазақстандық серіктестердің де бар екенін еске салды. Ол Ресейдің қандай жағдай болмасын бүкіл әлемдегі энергетикалық қауіпсіздік пен транзитті қамтамасыз ететін сенімді кепіл екенін және өз міндеттемелерін әрдайым орындайтынын жеткізді.
«Жауап өте қарапайым, бұл өтірік», - деді Дмитрий Песков.
КҚК Қазақстанның батысындағы және Ресейдің Каспий қайраңындағы мұнай кен орындарын Новороссийск теңіз терминалымен байланыстыратын еліміздің негізгі экспорттық бағыты саналады. Бұл бағытқа жасалған дрондар шабуылы тасымалдау процесін баяулатып, мұнай өндіру көлемін азайтады және ол Қазақстан бюджетіне кері әсерін тигізеді.
Аталған жобаның акционерлері қатарында Транснефть басқаруындағы 31 пайыз үлеспен Ресей және ҚазМұнайГаз бен Kazakhstan Pipeline Ventures ұсынған 20,75 пайызбен Қазақстан бар. Одан бөлек Chevron компаниясы 15 пайыз, LUKOIL 12,5 пайыз, Mobil мен Rosneft-Shell 7,5 пайыздан, BG мен Eni 2 пайыздан және Oryx 1,75 пайыз акцияға иелік етеді.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда әлеуметтік желіде Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылды қолдап пікір жазған азаматтардың үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын.
Соңғы жаңалықтар