«Жауапқа тартылды»: Полиция Шымбұлақтағы қазақ тіліне қатысты жанжалға түсініктеме берді
Алматы қаласының полициясы Шымбұлақтағы мейрамханалардың бірінде болған жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Полиция мәліметінше, Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бұл оқиға бойынша тексеру жүргізгенін, қатысушылар анықталып, жауаптар алынғанын, жағдай толық зерттелгенін жазады.
«Тексеру барысында тараптар оқиғаның эмоционалды жағдайдан туындағанын атап өтті. Олардың айтуынша, кейбір сөздер мен әрекеттер эмоция әсерінен жасалған және олардың шынайы көзқарасын білдірмейді. Сонымен қатар, оқиға барысында тараптардың бір-біріне жеңіл физикалық әрекет қолданғаны анықталды. Қатысушылар өзара кешірім сұрап татуласты және болған жағдайға өкінетіндерін айтты. Сондай-ақ олар азаматтарды бір-біріне құрметпен қарауға, кез келген келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге шақырды», - деп жазылған полиция мәлімдемесінде.
Тексеру нәтижесі бойынша олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілген. Екі қатысушыға да кәмелетке толмаған бұзақылық әрекет фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалған. Сот шешімімен олар 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Алматы полииясы тұрмыстық келіспеушіліктер, қарым-қатынас мәселелері немесе тілдік ерекшеліктер еш жағдайда да қақтығыс, провокация және қоғамдық тәртіпті бұзу үшін себеп болмауы тиіс екенін ескертеді. Ұлттық немесе тілдік тақырыптарды пайдаланып, дауды ушықтыру әрекеттері қоғам үшін қауіпті екені айтылды.
Еске салсақ, 23 желтоқсанда Threads желісінің Бақытжанов есімді қолданушысы Gusto мейрамханасының әкімшілігімен қазақ тіліне қатысты туындаған дау жөнінде видео жариялаған.
Осыдан кейін Threads пен 2Gis платформаларында мейрамхана қызметіне қатысты пікірлер көбейіп, желі қолданушыларының бір бөлігі нысанды жабуды талап етсе, енді бірі мемлекеттік тілге құрмет көрсетуді талап етті.
Кейіннен дау тудырған Gusto мейрамханасының әкімшісі қызметінен босатылғаны хабарланған.
Күні кеше жанжал тудырған мейрамхана әкімшісі кешірім сұрады.
Соңғы жаңалықтар