Желіні шулатқан «Lexus-тегі полицей» сотта толық ақталып, қызметіне қайта оралды
Қостанай қалалық соты биыл наурыз айында Lexus LX 600 көлігімен тасжолда патрульдік қызметкерлермен жанжалдасқан полицейді жұмыстан шығару және ІІМ академиясынан оқудан шығару туралы шешімнің күшін жойды. Ермек Жуанышбаевтың құқықтары ішінара қалпына келтірілді, деп хабарлайды POLITICO.KZ «Наша Газета» басылымына сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басында «Қостанай - Әулиекөл - Сұрған» тасжолында «777 OQO 10» нөмірлі Lexus LX 600 көлігінің жүргізушісі мен патрульдік қызмет қызметкерлері арасында дау шыққан еді. 4 ақпан күні түсірілген видеода Lexus жүргізушісі оны жылдамдықты асырғаны үшін тоқтатқан патруль өкілдерінің әрекетіне наразылық білдірген.
Ол балағат сөздерді қолдана отырып, полицияда 11 жыл жұмыс істегенін және оның нөмірлерін ГАИ қызметкері ретінде тану керектігін айтып, қызметкерлерге ауыр сөздер айтқан.
Кейінірек жүргізушінің сол кезде ІІМ Қостанай академиясының магистратурасында оқып жүргені белгілі болды.
Шулы оқиғадан кейін жүргізілген қызметтік тексерістің қорытындысы бойынша ол «құқық қорғау органының беделіне нұқсан келтіретін теріс қылық жасағаны үшін» ІІМ академиясының магистратурасынан шығарылып, ішкі істер органдарынан мүлдем босатылған еді.
Алайда, Ермек Жуанышбаев бұл шешіммен келіспей, бұйрықтардың күшін жоюды және амалсыз бос жүрген кезеңі үшін жалақы өндіруді талап етіп, сотқа жүгінген.
Сот істі қарау барысында қызметтік тексерістің өрескел заңбұзушылықтармен жүргізілгенін анықтады. Мәселен, тексеріс кезінде капитанның еңбекке жарамсыздық парағында болғаны ескерілмеген, тәртіптік комиссия құрылмаған және оған өзін қорғау құқығы берілмеген. Сондай-ақ, ІІМ академиясының оны қызметтен босатуға өкілеттігі болмағаны белгілі болды.
Ең қызығы, сот жазаға негіз болған видеода монтаж белгілері бар деген тұжырымға келген.
Осының негізінде сот тәртіптік жаза қолдану, академиядан шығару және органдардан босату туралы бұйрықтардың күшін толығымен жойды. Сонымен қатар, сот Жуанышбаевқа амалсыз бос жүрген уақыты үшін 631 417 теңге өтемақы төлеуге қаулы етті.
Сот оны академиядағы оқуына тікелей қайта қабылдау туралы шешім шығармағанымен, оқудан шығару туралы бұйрықтың күші жойылғаннан кейін академияның өзі онымен келісімшарт бойынша оқуды қайта бастауға міндетті екенін көрсетті. Нәтижесінде, сот шешімімен полицей қызметіне қайта оралды.
Соңғы жаңалықтар