Жерден кейін аспан да сатыла ма? Сарапшы әуежайларды жекеге беруге қарсы
Қазақстанда алты бірдей ірі әуежай жекешелендіруге шығарылды. Алайда, қаржы саласының мамандары бұл қадамның мемлекеттік мүддеге қайшы келуі мүмкін екенін ескертуде. Бұл жөнінде қаржыгер Расул Рысмамбетов Avianews.kz порталына берген сұхбатында мәлімдеді.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұсынысымен Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Павлодар, Қызылорда және Түркістан қалаларының әуе қақпалары саудаға қойылмақ. Сарапшылар қауымдастығында бұл бастама қызу талқыға түсіп, түрлі күдік туғызып отыр.
Расул Рысмамбетовтің пайымдауынша, әуежайларды толықтай сату – ұзақмерзімді перспективада стратегиялық шығынға әкеп соғады. Оның орнына нақты инвестициялық міндеттемелері бар сенімгерлік басқару жүйесін енгізген дұрыс.
«Әуежай дегеніміз жай ғана бизнес нысаны емес қой. Бұл – мемлекеттің егемендігін, қауіпсіздігін және өңірлер арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылым. Егер біз оны ұзақмерзімді қатаң шарттарсыз жеке қолға бере салсақ, тұтас көлік жүйесін басқару тетігінен айырылып қалуымыз ғажап емес. Әлемдік тәжірибеде жекешелендіруден кейін тарифтер шарықтап, инфрақұрылымның тозып кеткен мысалдары жетерлік. Мемлекет сатудан бір реттік қана пайда көреді, ал түбінде шығынға ұшырайды», – дейді қаржыгер.
Маманның пікірінше, ең оңтайлы жол – концессия мен траст арасындағы гибридті форма. Яғни, меншік құқығы мемлекетте қалады, ал басқарушы компания нысанды 10-15 жылға алып, нақты нәтиже көрсетуі тиіс. Мәселен, жолаушылар ағынын арттыру, ұшу-қону жолағын жаңғырту және қызмет сапасын жақсарту секілді талаптар қойылуы керек.
Тізімдегі Қызылорда және Түркістан әуежайларының шығынды екені белгілі. Алайда сарапшы бұған «құтылу керек актив» деп емес, «пайдаланылмаған мүмкіндік» деп қарауды ұсынады.
Оның айтуынша, табысты әуежайла мен шығынға батқан нысандарды бір қоржынға біріктіріп, ортақ жүйеде дамытуға болады. Америкалық модельге сүйене отырып, аймақтарда шағын және санитарлық авиацияны, жүк тасымалын жолға қою қажет.
Сұхбат барысында қаржыгер «мемлекет тиімсіз активтерден құтылуы керек» деген қағиданың қауіпті екенін атап өтті.
«Әуежайлар – елдің жүйке жүйесі іспетті ғимараттар. Үнемдейміз деп жүйкені кесіп тастауға болмайды ғой. Керісінше, оны емдеп, қан жүгірту қажет, сонда ғана жүйе өздігінен жұмыс істеп кетеді. Алдымен тұрақтандыру, сосын қайта құрылымдау, тек содан кейін ғана жекешелендіру туралы ойлану керек», – деп түйіндеді сөзін Рысмамбетов.
Соңғы жаңалықтар