«Жігіттер, ренжімеңдер»: Олимпиаданың қола жүлдегері төрт жылға темір торға қамалуы мүмкін

15.12.2025 08:50 Мөлдір Талғат Мөлдір Талғат
«Жігіттер, ренжімеңдер»: Олимпиаданың қола жүлдегері төрт жылға темір торға қамалуы мүмкін
0
156
Фото: olympic.kz

Павлодар қаласында еркін күрестен Қазақстанның танымал спортшысы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Даулет Шабанбайға қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасуда. Бұл туралы POLITICO.KZ Tengrinews.kz тілшісіне сілтеме жасап хабарлайды.

Атақты балуан Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне шабуыл жасады деген күдікпен тергеу изоляторында отыр.

Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта тараптардың сот жарыссөзі өтті. Даулет Шабанбайға ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы, 4-бөлігінің 1-тармағы – «билік өкіліне қатысты күш қолдану, екі немесе одан да көп адамға қарсы жасалған» бойынша айып тағылған.

Іс материалдарына сәйкес, биыл қыркүйек айында Ұлттық ұланның үш әскери қызметшісінен құралған патруль кешкі сағат 21:00 шамасында қалалық кафелердің бірінің маңында Шабанбайды тоқтатқан. Бұған оның мас күйде болып, қоғамдық тәртіпті бұзып, өзін агрессивті ұстағаны жөніндегі шағым себеп болған.

Патруль қызметкерлерінің ескертуіне спортшы балағат сөздер айтып, кейін олардың бірін итеріп жіберген. Ал жасақ бастығын иығынан теуіп, бет тұсынан ұрған, үшінші әскери қызметшінің көзіне соққы тиген. Көмекке келген патрульдер күдіктіні жерге жығып, қолына кісен салған.

Сот жарыссөзі барысында мемлекеттік айыптаушы 42 жастағы спортшыны орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

«Айыпталушының әрекеті тікелей билік өкілдеріне қарсы бағытталған және олардың қызметтік міндеттерін атқаруына кедергі келтірді. Сонымен қатар ол өзінің физикалық басымдығын пайдаланған. Әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру және мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау орынды деп санаймын», – деді прокурор сотта.

Қорғау тарапы бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Адвокаттың айтуынша, Даулет Шабанбай – халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғаған танымал спортшы, тұрақты жұмысы, отбасы бар және оң мінездемеге ие.

Қорғау жағы бұл қылмыстық құқықбұзушылық ауыр санатқа жатқанына қарамастан, алдын ала жоспарланбағанын, ауыр салдарға әкеп соқпағанын және кенеттен туындаған эмоциялық жанжалдың нәтижесінде болғанын алға тартты.

Айыпталушы сотта өз кінәсін толық мойындады, алайда жарыссөзде сөз сөйлеуден бас тартты.

«Мен тек кешірім сұрағым келеді. Жігіттер, ренжімеңдер», – деді Даулет Шабанбай жәбірленушілерге қарата.

Айта кетейік, аталған баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасын көздейді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий