Жол дауы басылмай жатып түркістандық депутатқа қатысты жаңа шағым түсті

28.07.2026 08:39 Әсел МҰРАТ
Жол дауы басылмай жатып түркістандық депутатқа қатысты жаңа шағым түсті
193
Фото: видеодан скрин

Түркістан облысы мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев тағы да полиция назарына ілікті. Бұған дейін Шымкенттегі жол қозғалысы ережесін бұзу оқиғасымен аты аталған депутатқа бұл жолы инвестор әйел арыз түсірген. Арызда әйел депутаттың өзіне қатысты зорлық-зомбылық жасады деп мәлімдеген, деп хабарлайды Politico.kz.

Halyqstan мәліметінше, 43 жастағы Ерғали Аманбаевқа қатысты жаңа шағым жол ережесін бұзуға емес, ауыр қылмыс белгілері болуы мүмкін іске байланысты тексеріліп жатыр. Алматы қаласының тұрғыны Бәйдібек аудандық полиция басқармасына арызданған.

Арызданушының айтуынша, ол Қытайдан келген төрт танысымен бірге Бәйдібек ауданына қарасты Байжансай ауылына барған. Олар өңірдегі қорғасын-мырыш кен орындарын игеру мүмкіндігін зерттеген әлеуетті инвесторлар болған.

Әйелдің сөзінше, шетелдік қонақтарды депутат Ерғали Аманбаев қарсы алып, олармен бірге жүрген. Кейін ол инвесторларға демалыс ұйымдастырған.

Алайда арызда көрсетілген мәліметке сәйкес, осы сапар барысында күтпеген жағдай болған. Арызданушының айтуынша, депутат 34 жастағы Қытай азаматын өзінің Lexus көлігіне отырғызып, адам аз жүретін жерге апарған. Әйел сол жерде оның келісімінсіз жыныстық қатынас болғанын мәлімдеген.

Қазір Бәйдібек аудандық полиция басқармасы арызда көрсетілген деректер бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиғаға қатысты түпкілікті құқықтық баға тергеу нәтижесінде беріледі.

Айта кетейік, Ерғали Аманбаев бұған дейін Шымкенттегі жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу оқиғасынан кейін де қоғам назарында болған. Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылы 22 тамыздағы сот шешімімен депутат көлік жүргізу құқығынан бір жыл мерзімге айырылған.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий