Жолда қалған туристерге қонақжайлық танытқан тараздық полицей Қазнетті тәнті етті

Жолда қалған туристерге қонақжайлық танытқан тараздық полицей Қазнетті тәнті етті.
Бельгиядан келген 33 жастағы Силке мен шотландиялық 31 жастағы Киран бірнеше ай бойы Қазақстанды аралап, YouTube арнасында еліміз жайлы алған әсерлерін бөлісіп, блог жүргізіп жүрген жандар. Бұл жолы ерлі-зайыпты саяхатшылар Алматыдан Шымкентке жол тартып, жолда Таразға жақындағанда қатты боран мен жолдардың жабылуына байланысты оқыс оқиғаға тап болған.
Оларға көмекке Серік есімді тараздық полиция қызметкері келіп, саяхатшыларды үйіне қонаққа шақырады. Ол саяхатшыларды үйінде күтіп алып, тамақ беріп, Қазақстанның мәдениеті мен салт-дәстүрін айтып, отбасымен бірге қонақтарға әдемі кеш ұйымдастырды.
"Біз достарымызбен бірге олардың үйіне Алматыдан Шымкентке қарай бет алып келе жатыр едік. Алайда Таразға жеткенде жол жабық болды. Бізді аяқ астынан үйіне шақырған мейірімді полицей Серікті кездестірдік. Сөйтіп бір күнімізді осында өткіздік. Таразға бағытты бұрып, полицейдің үйіне бардық. Оның отбасы бізге тамақ әзірлеп, құшақ жая қарсы алды. Біз келесі күні жолға шығып кеттік. Қазір Шымкентте досымыз Талғаттың үйінде қонақ болып отырмыз", - дейді саяхатшылар.
Қазақстандықтар шетелдіктер жариялаған видеоға жылы лебіздерін жаудырды.
"Осындай мейірімді адамды және отбасын кездестіргендеріңізге қуаныштымын", "Елімізде сіздей полиция қызметкерлері көп болсын", "Керемет", "Мен бүкіл адамзатты жақсы көремін", "Қазақстанға қош келдіңіздер", "Сіздердің Қазақстан жайлы жағымды ойда қалғандарыңызға қуаныштымын!", "Қазақстанда осындай мейірімді адамдар бар", "Қандай керемет", - деп жазды қолданушылар.
Ақпарат Massaget.kz сайтынан алынды.
Соңғы жаңалықтар





