«Жомарт» кенішінің қауіпсіздік жүйесіне 2,7 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Мұқан Үңгітбаев «Жомарт» кенішіне жасаған жұмыс сапары барысында өндірістік қауіпсіздікті күшейтетін заманауи цифрлық жүйелердің іске қосылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Арнайы бағдарлама аясында жоспарланған 45 іс-шараның 39-ы орындалып, кен орнында 2025–2026 жылдары газ режимі мен желдету жүйесін зерттеуге арналған сегіз кешенді ғылыми жұмыс жүргізілді. Осы зерттеулердің нәтижесінде кеніште тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи аэрогаздық мониторинг пен тау-кен қазбаларының цифрлық жылу картасы енгізілді. Стационарлық датчиктерден алынған барлық мәліметтер нақты уақыт режимінде бірыңғай диспетчерлік орталыққа жолданып отырады.
Сонымен қатар кәсіпорын бақылауды күшейту мақсатында 130 портативті газ талдағыш пен 74 «Дозор» жеке бейнетіркегішін сатып алып, жерастындағы байланысты жақсарту үшін 22 шақырымнан астам кабель желісін монтаждады. Бұл жаңашылдықтар жұмысшыларды апаттық хабарлау және позициялау құралдарымен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Инфрақұрылымды жаңарту аясында басты желдету қондырғылары күрделі жөндеуден өтіп, жүйенің өнімділігі секундына 200 текше метрге артты.
Жұмыс сапарын қорытындылай келе Мұқан Үңгітбаев өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру компанияның негізгі басымдығы болып қала беретінін атап өтті. «Жомарт» кенішінде мониторинг жүйесін одан әрі дамыту, желдету инфрақұрылымын жаңғырту және заманауи бақылау технологияларын енгізу жұмысы жалғаса береді.
Соңғы жаңалықтар