Журналист: "Әкімдікке барып айқайласаң, 5 млн беремін" деді

25.08.2026 13:59 Томирис САҒЫНДЫҚ
Журналист:
56
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

"Игілік" журналының Бас редакторы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі "Отбасы құпиясы" бағдарламасының авторы, тележүргізуші, Қоғам қайраткері Меруерт Айтенова өзіне бес миллион ақша ұсынып, әкімдіктегі дауға байланысты резонанс тудыруды ұсынғандар туралы әңгімеледі. Тележүргізушінің айтуынша, ешуақытта мұндай ұсынысқа келісіп көрмеген және бұл болмысына қайшы, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол Асмира Ермекқызына берген сұқбатында әңгімеледі.

— Енді сөзіңізді бөлейін, қазіргі тілмен айтқанда, сіз «а» деп аузыңызды ашсаңыз болды, әр сөзіңіз хит болып кетеді ғой. Расымен де, бұл тақырыпты резонансқа айналдыруды сұраса, қолыңыздан келер еді. Сізге мұндай ұсыныс жасағандар болды ма?

— Өте көп. Өткенде ғана Шымкент жақтан бір кісі хабарласып: «5 миллион береміз. Сіз келіп, мына пәленбай деген әкімдіктегі даулы жерге төбеңізді көрсетіп, айғайлап, резонанс туғызып кетсеңіз болды. Мына 5 миллион қолма-қол ақшаны қалтаңызға салып беремін», — дейді. «Подстава» ғой, таза «подстава!» 5 миллионды бір қолымен беріп, екінші қолымен менің қолыма кісен салғалы тұр. Сонда мен 30 жыл журналистика саласында келе жатқан майталман журналист ретінде осыны білмеймін бе? Мен оған: «Ең, қарғам, бері қара. Оның адамдары бар, телефондарын жіберейін», — дедім. Оның өзінің арнайы адамдары бар. Елдің қайғысынан резонанс туғызып, ақша жасап жүрген санаулы үш-төрт әйел мен еркек бар. «Сен оларды білмейсің бе? Бүкіл қазақ біледі ғой. Соларға барып ақшасын бер. Олар бәрібір ұсталмайды, ұсталмайтын жолын жасап алған. Менде нең бар? Мен ешқашан үкіметке де, дінге де қарсы шыққан жоқпын. Ер азаматтың беделін де түсірген емеспін. Мен — отбасылық құндылықтарды насихаттап жүрген жазушы-журналиспін, қолымда үлкен отбасылық басылым бар. Біреудің аяғын басып, ізіне түскен жоқпын. Ешкімнің атын қаралап, даттап, содан хайп жасап ақша таппадым» дедім. Ал ток-шоуларда сарапшы болып сонша жыл отырсам, өзімнің субъективті ойымды редактор, журналист, ел ішінде жүрген қазақтың қызы ретінде айтып жүрмін. Телевидениеге: "Сіздің пікіріңіз артық, келіңіз, сөйлеңіз, айтыңыз", — деп шақырады. Талай мәрте ток-шоудан тұрып кететіндей жағдайға жеткенім бар. "Егер сөзім мына жерде өтімсіз болса, балтадай тиіп, сендерге ұнамаса, мен шығып кетейін. Мені ешқашан телевидениеге шақырмаңдар" деп орнымнан тұрып бара жатқанда, жүргізушілер тоқтататын. Олар: "Меруерт ханым, сіздің пікіріңіз бен ойыңыз біз үшін өте құнды. Сіз осы жерде отыруға тиісті адамсыз", — деп тоқтатқан соң, әріптестерім сыйлап тұр, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүргізіп отырған азаматтардың сөзін жерге тастамай, қалатынмын. Әйтпесе, маған неше түрлі нәрсе жазады.

— Ал жаңағыдай қомақты қаражатты алуға сізге не кедергі? Қандай ұстанымыңыз бар?

— Мен жеңіл ақшадан аяғымды алыс алып жүремін.

— Қорқасыз ба?

— Қазіргі психология бойынша біреулер "қорқақ" дер, біреулер "өмірінде миллиондар ұстап көрмеген адам" деп қабылдайтын шығар. Алайда, басымнан талай тірліктер мен қиын замандар өткен. 30 жыл журналистикада жүрген ең соңғы адам емеспін ғой, дұрыс па? Талай сындардан өткендіктен, бір нәрсені анық білемін: жеңіл жолмен келген ақшаның сұрауы қатты болады. Оның үстіне, халықтың мінезін жақсы зерттедім. Біздің халық бергенін де, алғанын да айтады. «Мәке, Сәке» деп араласып жүргендердің өзі сол секундта саған ақша берсе, оны он адамға жайғанша асығады, аудиожазбаңды таратып жібереді. Біз сондай халықпыз. Сондықтан үлкен ақшаның өзінің сұрауы болады.

Войдите, чтобы оставить комментарий