Жылу желілерін жөндеу 93%-ға аяқталды: Бектенов қалған жұмысты бітіруді тапсырды
Қазақстанда жөнделуге тиіс 377 шақырым жылу желісінің 352 шақырымында жұмыс аяқталған. Үкіметтің хабарлауынша, Премьер-министр Олжас Бектенов қалған жөндеуді аяқтап, жылуды уақытында беруді тапсырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жылыту маусымына дайындық жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, халықты үздіксіз жылумен қамту тапсырмалары қаралды. Үкімет басшысы әкімдерге нысандардың дайындығын жеке бақылауды жүктеді.
«Азаматтарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету – Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі. Президенттің тапсырмасы бойынша жөндеу жұмыстарын қаржыландыру ұлғайтылды. Жергілікті әкімдер барлық нысанның, әсіресе әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылымның дайындығын жеке бақылауда ұстауы тиіс», – деді Олжас Бектенов.
Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаровтың мәліметінше, энергия көздері маусымды бастауға қажетті жабдықтармен және нормативке сай отын қорымен қамтамасыз етілген. Қазір 4 энергоблок, 28 қазандық пен 18 турбина жөнделген, тағы 3 энергоблокта, 26 қазандықта және 21 турбинада жұмыс жалғасып жатыр.
Өңірлік электр желілерінде жоспарланған жұмыс көлемі орындалған. Жылыту маусымының басталуына 17,1 мың шақырым электр тарату желісі мен 444 қосалқы стансаның 426-сы дайын.
Жылу желілерін реконструкциялау мен күрделі жөндеуге 196,8 млрд теңге қарастырылған. Бұл сомаға «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының қаражаты да кіреді. Жөндеу аяқталған соң жылу желілерінің тозу деңгейі 48%-ға дейін төмендейді деп күтіледі.
Жылу көздерін, жылу және электр желілерін дайындау кезіндегі шұғыл міндеттерге Үкімет резервінен 27,9 млрд теңге бөлінген. Биыл электр стансаларын реконструкциялауға жалпы 384 млрд теңге көзделген. Министрлік мәліметінше, бұл 2025 жылғы 348 млрд теңгеден 9% жоғары.
Энергия көздерінің қоймаларында 4,8 млн тонна көмір мен 127 мың тонна мазут жиналған. Бұдан бөлек, 255 мың тонна «әлеуметтік» мазут жеткізу кестесі бекітілген. Алдағы маусымда халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторға 7,3 млн тонна көмір қажет болады.
Көмір жеткізуді әкімдіктер, көмір өндіруші кәсіпорындар, операторлар және ҚТЖ қатысатын Республикалық штаб үйлестіреді. Бектенов Энергетика министрлігіне ҚТЖ-мен бірлесіп, энергия нысандары мен халыққа көмір және мазут жеткізу шараларын қабылдауды тапсырды.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов жоспарға енген барлық әлеуметтік нысан мен тұрғын үйдің жылыту маусымына дайындығы аяқталғанын баяндады. Атап айтқанда, 10 913 білім беру нысаны, 5 394 медициналық нысан, 14 939 автономды қазандық және 53 610 тұрғын үй дайындалған. Ол баяндаған отын қоры бойынша көмір жоспардың 80%-ына, мазут 88%-ына жеткен, дизель отыны толық жиналған.
Кеңесте Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары әкімдерінің есептері де тыңдалды. Өңірлерде кейбір жылу желілері мен энергетикалық жабдықтарды жөндеу әлі жалғасып жатыр.
Абай облысында жалпы құны 14,5 млрд теңге болатын 32 жөндеу жобасы жүзеге асырылған. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы аясында тағы 15,8 млрд теңгеге 6 жоба орындалған.
Облыс әкімі Берік Уәлидің айтуынша, 53,7 шақырым жылу желісін ауыстыру жұмыстары жалғасуда. Соның нәтижесінде желілердің тозуы 52,3%-ға дейін төмендеуге тиіс. Қазандық жабдықтарын жөндеу 95%-ға аяқталған.
Өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала нысандары мен тұрғын үйлер жылыту маусымына толық дайын. Қалған жұмыстың бәрін қыркүйектің соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Ақмола облысында 4 блокты-модульді қазандық салынып, ауыстырылуға тиіс 26 қазандықтың 24-і жаңартылған. Сондай-ақ 37 шақырым жылу желісі жөнделіп, жоспардың 97%-ы орындалған. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер толық дайындалған.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов Степногорск жылу электр орталығының жабдықтарын жөндеу және қалалық жылу магистралін реконструкциялау барысын баяндады. Магистраль учаскесінде 45 маман мен 16 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы 2-жылу электр орталығы маусым басталғанда жылу беруге дайын екенін жеткізді. Жұмысқа 8 қазандық агрегаты әзірленген. Жөндеу науқаны аясында 6 қазандық пен 6 турбинадағы жұмыстар аяқталған.
Петропавлдың жылу магистральдарын дайындауды 20 қыркүйекке дейін бітіру жоспарланған. Облыста жылыту маусымы 28 қыркүйекте басталады.
Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылу беруге толық дайын екенін хабарлады. Жезқазған жылу электр орталығында 4 қазандық пен 4 турбинаға ағымдағы жөндеу жүргізіліп, №11 қазандық күрделі жөндеуден өткен. Сәтбаевтағы №1 жылу стансасы мен ЖЭО-ның басқа жабдықтарын дайындау жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар