Қазақстан әлемге өзін «Алтын Орда» мұрагері ретінде дәріптеуге кіріседі
Сарапшылар 2024 жылғы 15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президенттің «Жошы ханның» есімін тура 7 рет ауызға алғанына назар аударыпты.
Қ.Тоқаев сонда «қазақ тарихының ауқымы кең екенін» дәріптеуге кірісетініне «аңдатпа-анонс» жасады. Бұған тамаша тарихи себеп те табылып отыр.
«Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды! Мұның зор символдық мәні бар. Біз аста-төк той жасауға емес, салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруіміз керек. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуға тиіс!», – деп нықтады Мемлекет басшысы.
Әлемде Қазақ елін Ұлы Даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері деп біледі. Алайда Батыс әлемі, тіпті Ресей көшпелілерді «жабайы» деп танитыны да жасырын емес.
Бұл ретте Қазақстан халықаралық қоғамдастық алдында өзін енді «жаһандық қуатты империяның мұрагері» ретінде танытпақ. Ал, мұның мәртебесі өте биік.
Өйткені жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы Ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде бүкіл әлемде мойындалған. Осы ортағасырлық державаның геосаяси мұрасы тікелей Қазақ хандығының құрылуына негіз болды. Біздің барлық хандарымыз да – тікелей Жошы ұлысы мен Алтын орда хандарының ұрпақтары.
Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның, тіпті Еуропаның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құрды. Жаугершіліктің орнын дипломатия басты. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да – осында.
Ендігі басты мақсат – Қазақстанның Алтын Орданың мұрагері екенін әлемге лайықты паш ете білу, бұл істе мазаққа қалмай, әрбір ісін абыроймен атқарып шығу.
Бұл – Үкіметтің қолына келе ме?
Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың осы сауалына жауап берді. Оның айтуынша, биыл Жошы ұлысының 800 жылдығын өткізу жөніндегі республикалық жоспар бекітілді. Жоспар 30 іс-шарадан тұрады.
Онда Жошы туралы толық метражды көркем фильм және «Алтын Орда» тарихи сериалын түсіру жоспарланған. Бұған дейін Мемлекет басшысы айтқандай, Алтын Орданың тарихы және әйгілі тұлғалары туралы көп сериялы деректі фильмді түсіру жұмыстары басталып кеткен. Оған Үкімет шетелдің танымал мамандарды тартып жатқан көрінеді. Жуырда кастинг басталуға тиіс.
Кинотуынды түсіріліп болғаннан кейін кәдуілгі кинотеатрлар сыртында, Netflix, Apple TV+, Premier, Prime Video, IVI, Megogo және басқа да үздік онлайн-кинотеатрлар мен стримингтік сервистер арқылы әлемдік аудиторияға таратылады деп күтілуде. Президент тапсырмасымен, Қазақстан елімізді әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін жан-жақты және кеңінен пайдаланбақ.
Бірақ тарихи шындыққа құрылған кинохикая түсіру және Қазақстанның шын мәнінде оның мирасқоры екенін ғылыми дәлелдеу үшін алдымен жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиіс. Бұл бағытта біраз шаруа атқарылып жатқаны айтылды. Жошы Ұлысын зерттейтін ғылыми институт құрылды.
Бүгінде Қазақстанның 7 томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған 250-ден астам ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман, Ресей ғалымдары жұмылдырылды. Академиялық басылымның осындай үлгісін әзірлеу тәжірибесінде алғаш рет Жошы ұлысына тұтас том арналмақ.
«Мектеп пен жоғары оқу орындарында Алтын Орда дәуірін бүгінгі күн талабымен оқыту туралы Президенттің 2021 жылғы тапсырмасына сәйкес, Ғылым және жоғары білім министрлігі шетелдік, отандық архивтер мен кітапханаларда жаңадан анықталған дереккөздерді пайдаланып, «Қазақстанның ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихы» атты жеті томдық академиялық басылымын әзірлеуде. Сол академиялық басылымның негізінде «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша оқулықтар әзірленеді. Оның аясында оқу орындарында Алтын Орда дәуірі заман талабына сай оқытылатын болады», – деді Премьер.
Олжас Бектеновтың айтуынша, республиканың ірі қалаларында Жошы ескерткіштерін орнату мәселесі пысықталуда екен. Осының алдында «Ақжолдық» депутаттар Үкіметке «Жошы ханға Моңғолиядағы Шыңғыс ханның алып ескерткішінен кем емес кемел ескерткіш кешенін тұрғызуды» ұсынған болатын.
«Сонымен қатар Жошының өмірі, оның ұрпақтарының Жошы ұлысында билік құрған кезеңі туралы шағын кітаптар, балаларға арналған комикстер шығарылады. Ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, конгрестер, «Алтын Орда» энциклопедиясының таныстырылымы өткізіледі. Экспедициялар ұйымдастырылады. Алтын Орда тарихы мен Жошы хан туралы деректі және көркем фильмдер, сериалдар түсіру, үлкен монумент тұрғызу мәселелері аталған жоспар аясында қарастырылды», – деп уәде етті Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Бұдан өзге, Жошы хан кесенесін, Сарайшық қалашығын және «Қызыл оба» қорымын туристік орталықтарға айналдыру туралы ұсыныстар қаралған.
«Жошы хан кесенесін қазірден Ұлытау өңірінің туристік орталығы деп айта аламыз. Ұлытау облысына баратын туристерге барлық жағдай жасалған. Бүгінде Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелеріне апаратын жолды салу жұмысы аяқталуда. Өңірдің туризмін одан әрі дамыту «Ұлытау облысында туризмді дамытудың 2027 жылға дейінгі жол картасы» негізінде жүргізіледі», – деді Премьер.