Ақтауда бір жарым жасар сәбиді қағып өлтірген экс-полицейге үкім шықты

02.10.2026 • 16:55 Әсел МҰРАТ
Ақтауда  бір жарым жасар сәбиді қағып өлтірген экс-полицейге  үкім шықты
258
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Ақтауда қызметтік көлікпен бір жарым жасар баланы қағып өлтірген бұрынғы полиция қызметкері сот алдында жауап берді. Оған үкім шықты, деп хабарлайды Politico.kz Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Маңғыстау облыстық сотының хабарлауынша, Ақтау қалалық сотының үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігінде (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) көзделген құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол 5 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Келтірілген зиянды өтеу мәселесі сотқа дейінгі (соттан тыс) тәртіппен шешілді.

Үкім заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, биыл мамыр айында Ақтаудағы аулалардың бірінде бір жарым жасар сәби көлік астына түсіп, көз жұмған болатын. Қызметтік көліктің рөлінде полиция қызметкері болған, кейін ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Анықталғандай, бүлдіршін аулада әкесімен ойнап жүрген. Бір сәтте әкесі басқа жаққа алаңдап қалған кезде, бала жолға жүгіріп шыққан. Сол уақытта көлік жүргізушісі артқа қарай жүріп бара жатып, баланы байқамай қалған. Салдарынан сәби көлік астында қалып, оқиға орнында тіл тартпай кетті.

Войдите, чтобы оставить комментарий