Батыс Қазақстанда бұрын белгісіз болып келген боздақтардың есімдері анықталып жатыр

0
70

Батыс Қазақстан облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, бұрын белгісіз болып келген боздақтардың есімдері анықталып жатыр.

Сталинград майданына тиіп тұрғандықтан, Батыс Қазақстан облысының Орда (қазір Бөкей ордасы) және Жәнібек аудандары соғыс жағдайында деп жарияланғаны белгілі.

Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында орналасқан Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының ғылыми хатшысы Назымгүл Оразгелдиеваның мәлім еткеніндей, Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен немесе қаза тапқан есіл ерлердің есімдерін жаңғырту, жетіспейтін деректерді іздестіру, зерделеу жұмыстары жүргізілуде.

Оның айтуынша, 1995-1999 жылдары Батыс Қазақстан облысында 6 томнан тұратын «Боздақтар» атты зерде кітабы баспа жүзін көрген. Оның 1-томында жалпы облыс бойынша соғысқа аттанғандардың статистикасы беріледі. Онда Орда аудандық әскери комиссариаты арқылы ұрыс майданына 4613 адам аттанып, майдан даласынан оралмағандары 3028 адам делінген. Ордалық боздақтардың тізімі 6-томда берілген.

Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбында тынбай зерттеу жүргізіп келе жатқан ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Ахмедияр Батырханов «Боздақтарға» енбей қалған 666 ордалықтың, жау қолына тұтқынға түскен 239 сарбаздың есімдерін анықтап, деректерін, жауынгерлердің жерленген жерлері жөнінде тың мәліметтерді тапты. 2020 жылы осы мәліметтердің негізінде «От кешкен ордалықтар» атты кітабы жарыққа шықты.

«Музей қорында көптеген материал болса да, майдангерлер туралы көптеген деректер әлі де жетіспейді. Осы орайда алдымен аудан бойынша ардагерлердің өмірбаяндары жазылып, жинақталды. Сонымен қатар «Боздақтар» зерде кітабының 6-томындағы ордалықтар толықтай терілді. Оған басқа да аудандардан аттанған азаматтардың арасынан табылған ордалықтар қосылды. Осы ардагерлер мен боздақтардың қатарына әскери комиссариаттардан, экспедициялардан, интернет желісінен алынған мәліметтер жинақталып, алфавит бойынша бір жалпы тізімге енгізілді. Музей-қорық кітапханасындағы әр жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар оқылып, ішінен соғысқа қатысқандардың есімдері терілді, мәліметтері жиналды», дейді Н.Оразгелдиева.

Ғылыми хатшының есептеуінше, «Боздақтар» кітабында басқа аудандардан соғысқа аттанған ордалықтардың саны келесідей: Орал қаласынан алынғандар – 27, Бөрлі ауданынан – 11, Жаңақала ауданынан – 457, Зеленов ауданынан – 3, Тасқала ауданынан – 9, Теректі ауданынан – 19, Тайпақ ауданынан – 2, Чапаев (Ақжайық) ауданынан – 5, Қаратөбе ауданынан – 2, Жымпиты (Сырым) ауданынан – 3, Жәнібек ауданынан – 37, Жалпақтал ауданынан – 35, Шыңғырлау ауданынан – 4. Кітапта Орда ауданынан алынғандар – 3028 делінген. Алайда «ОБД Мемориал» сайтынан және А.Батырхановтың «От кешкен ордалықтар» кітабынан Орда аудандық әскери комиссариатынан аттанған ордалықтар көптеп табылды. Нақтылап айтқанда, «Боздақтар» кітабындағы 3028 адамның қатарына осы жинақтың қалған 1-5 томдарындағы басқа аудандардан аттанғандар арасынан 614 ордалықтың есімі табылып қосылды. Сондай-ақ осы тізімдерде жоқ музей қызметкерлерінің ізденісі нәтижесінде анықталған 203 адамның және А.Батырхановтың «От кешкен ордалықтар» кітабындағы «Мемориал» сайтынан табылған 454 боздақ пен тұтқындалған 197 сарбаздың есімі қосылды.

Жалпы, Орда ауданынан 3 Кеңес Одағының Батыры, 1 Халық Қаһарманы, тұңғыш әскери генерал, жоғары марапатқа ұсынылып, бірақ түрлі себептермен ол атаққа ие болмай қалған 5 сарбаз, 4 партизанның, сондай-ақ 638 ардагердің, 4496 боздақтың өмірбаяндары жазылды. Яғни, бұрынғы мәлімет бойынша берілген 3028 боздаққа Орда аудандық әскери комиссариатынан аттанып, оралмаған 520 жауынгердің мәліметтері қосылды. Барлығы 4496 боздақтың 3553-і Ордадан, 614-і басқа аудандардан, 45-і Ресей аумағынан аттанған, қалған 285 боздақтың қай жерден кеткені беймәлім.

Орда ауданынан барлығы 7064 адам ұрыс даласында болған делінсе, Орда аудандық әскери комиссариатынан 4613 адам соғысқа аттанды деген дерек бар. 4121 адам Орда ауданында дүниеге келсе, қалғандары басқа аудандарда туған, ал кейбірінің туған жерлері белгісіз.

Ахмедияр Батырхановтың кітабындағы «Ерлік – ердің қасиеті» атты бөлімінде Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майданда ерлік көрсетіп, марапаттарға ие болған 1374 ордалықтың дерегі РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен «Подвиг народа» сайты арқылы алынған екен. Барлық жауынгерлерді боздақтармен салыстырып түгендегенде, есімдері бұрын кездеспеген 756 адам анықталып, бөлек тізімге жазылды. Себебі олардың соғыстан оралған-оралмағандығы жөнінде деректер болмағандықтан, ардагерлер немесе боздақтар тізіміне қосылмады.

«Бүгінгі таңда соғысқа аттанған ордалықтардың есімдерін анықтау жұмыстары әлі де жалғасын табуда. «Память народа» сайтынан жоғарыда аталған тізімдерде кездеспейтін 500-дей ордалық жауынгердің есімдері табылды. Олардың көбі боздақ немесе еліне оралған ардагер екендері туралы мәліметтер бар. Қалғандарының оралған-оралмағаны, кейінгі тағдыры белгісіз. Майданнан оралғандардың есімдері бұл сайтқа Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай тағайындалған мерекелік 1, 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталуына байланысты тіркелген екен. Ардагерлердің арасында бұрын хабарсыз кеткендер санатында болып, 1961 жылы Батыс Қазақстан облыстық әскери комиссариатындағы мәліметтер арқылы елге оралғаны анықталған 55-інің тізімі де бар. Сонымен қатар № 3222, 11029-марш роталарының, 304-атқыштар дивизиясы сынды әскери бөлімшелердің берген «қайтарылмайтын шығындар тізімдерінде» ондаған жерлестердің есімдері кездеседі. Қорыта айтқанда, ардагерлер, боздақтардың көбінің тума-туыстары жоқ немесе біздерге белгісіз. Ұрпақтары болған жағдайда да, аталары туралы айтар естеліктері жоқтың қасы, себебі ардагерлердің көбі бұл тақырыпты қозғағанды ұнатпайтын, ал кейбірінің құжаттары мүлдем сақталмаған. Сондықтан «ОДБ Мемориал», «Память народа», «Подвиг народа» сайттарынан алынған әрбір құжатын оқып, әлі де ашылмаған көптеген деректер мен тарихи оқиғаларды жазуға болады. Осындай ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесінде болашақта үлкен басылым жарық көреді деген сенімдеміз», деп түйіндеді сөзін Назымгүл Оразгелдиева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 100 жастағы майдангердің ұзақ жасаудың сыры үнемі қимыл-қозғалыста екендігі туралы айтқанын жазған болатынбыз.


ПІКІР ЖАЗУ