БҰҰ-дағы күтпеген мәлімдеме: 50 ел Ресейге соғысты тоқтатуға шақырды

23.09.2026 21:09 Қарақат АСЫЛОВА
БҰҰ-дағы күтпеген мәлімдеме: 50 ел Ресейге соғысты тоқтатуға шақырды
298
Фото: Украина СІМ

БҰҰ-да 50 мемлекет пен Еуропалық одақ Украинадағы жағдайға қатысты бірлескен мәлімдеме жасап, Ресейден атысты тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Құжат 23 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы алдында жарияланды.

Мәлімдемеге қол қойған елдер Украинаға қолдау білдіріп, Ресейдің азаматтық нысандар мен инфрақұрылымға қатысты әрекеттерінің күшеюіне алаңдаушылық танытқан.

Құжатта Украина 2025 жылғы наурыздан бастап толық, дереу және шартсыз атысты тоқтатуға дайын екенін білдіргені айтылған. Қол қойған мемлекеттер Ресейді де осы қадамға баруға және бейбіт келіссөздерге қосылуға шақырды.

Сонымен қатар елдер ұсталған, күштеп көшірілген немесе депортацияланған украин азаматтарын, әсіресе балаларды елге қайтаруға үндеді. Бұдан бөлек, әскери тұтқындар мен интернацияланған адамдарды қайтару сенім шараларының бірі ретінде аталды.

Мәлімдемеде Қара теңіздегі жағдай да қозғалды. Қол қойған мемлекеттер теңіздегі кеме қатынасының еркіндігін қамтамасыз етуге бағытталған келісім жасау жөніндегі бастамаларды қолдайтынын білдірді.

Айта кетейік, бірлескен мәлімдемеге АҚШ қосылған жоқ. Құжатқа Украина, Ұлыбритания, Франция, Германия, Канада, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да мемлекеттер қол қойған.

Войдите, чтобы оставить комментарий