Ақтөбедегі балалар үйінде жанжал шықты: Белсенділер дабыл қақты

23.09.2026 22:11 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтөбедегі балалар үйінде жанжал шықты: Белсенділер дабыл қақты
325
Фото: depositphotos.com

Ақтөбеде жеке балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдатарлық мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Halyqstan” Telegram арнасына сілтемемен.

Бұл туралы қоғам белсендісі Ақмарал Басирова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Белсендінің айтуынша, ол жағдайды өз көзімен зерделеу үшін арнайы Ақтөбеге барған. Оның сөзінше, аталған мекемеден шыққан кәмелетке толған қыздардың бірі бұрын осы жерде болған кезінде мекеме иесінің тарапынан болуы мүмкін сексуалдық сипаттағы әрекеттер туралы айтып берген.

Тағы бір бұрынғы тәрбиеленуші мекемеде қазір де тұрып жатқан 14 жастағы қызға қатысты болжамды оқиға туралы мәлімдеген. Оның айтуынша, оқиға ер адамның көлігінде болған. Кейін мекемеде жанжал туып, жасөспірім қызды ұрып-соғып, шашынан тартқан және оның ер адамның көлігіне отыруына тыйым салған.

Ақмарал Басирова бұл ақпараттың әзірге тек айтылған мәліметтер екенін және ешкімнің кінәсі дәлелденбегенін атап өтті.

«Біз ешкімнің кінәсін анықтап отырған жоқпыз және айтылған жайттар дәлелденді деп мәлімдемейміз. Алайда кәмелетке толмаған балаға қауіп төнуі мүмкін болса, тек тексерудің аяқталуын күтіп отыруға болмайды. Қазірдің өзінде баланың осы мекемеде әрі қарай қалуы қауіпсіз бе деген мәселені бағалау қажет», – деп жазды ол.

Қоғам белсендісінің мәліметінше, қазір мекемеде 10 кәмелетке толмаған бала бар. Оның алтауы – қыз, төртеуі – ұл. Олардың арасында аталған 14 жастағы мектеп оқушысы да бар.

Басирова Ақтөбе қаласының білім басқармасына, қорғаншылық және қамқоршылық органдарына және бала құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінді.

Ол құзырлы органдардан балалардың мекемеде тұруының қауіпсіздігін шұғыл бағалауды сұрады. Егер тексеру барысында балаларға қатысты нақты қауіп бар екені анықталса, оларды тексеру аяқталғанға дейін қауіпсіз жерге уақытша орналастыру мәселесін қарастыруды ұсынды.

Белсендінің айтуынша, оның қолында тексеру барысында маңызды болуы мүмкін дауыстық хабарламалар мен басқа да материалдар бар. Ол аталған материалдарды құқық қорғау органдарына беруге дайын екенін мәлімдеді.

Әзірге Ақтөбе қаласының білім басқармасы мен өзге де құзырлы органдар бұл мәлімдемеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий