Бишімбаев сотындағы аудармашының жайы біраз шындықтың бетін ашты

0
55

Сарапшылар мемлекеттік тілдің мәртебелі биігіне көтеріле алмай, өрісінің тарылуы салдарынан Қазақстанда сот процестерінің көбі орыс тілінде жүретініне назар аудартып келеді,-деп хабарлайды politico.kz

Мысалы, Qazaqstan ұлттық арнасының дерегінше, тіпті Астанадағы сот отырыстарының 70 пайызы орыс тілінде өтеді екен.

Тарата айтқанда, азаматтық істердің небары 11%-ы, қылмыстық істердің 26%-ы ғана мемлекеттік тілде өтеді. Қай тілде өткізуді сотталушы тарап сұрайды деген норма қабылданған.

Бірақ Әділет министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда заңдар, соның ішінде депутаттар бастамашы болған заң жобалары негізінен орыс тілінде жазылып, содан кейін ғана мемлекеттік тілге аударылады.

Салдарынан Парламент қабылдап, Президент қол қойған заңдардың қазақша мәтіндерінде қате өріп жүр. Ол қателіктер сот үкіміне кері әсер етпеуі үшін судьялар, қалыптасқан тәжірибе бойынша заңдардың орысша мәтінін басшылыққа алады.

Заңдар аударма болғандықтан, олардың асығыс-үсігіс жасалған аудармасын, яғни қазақша мәтінін қазақтар да түсіне алмайды. Сондықтан сот процесінде қазақтардың өзі сот ісінің орысша жүргізілуін сұрауға мәжбүр.

Бұл былыққа Терминком да, мемлекеттік тілді дамытуға жауапты және сол үшін мол қаржы алып отырған институттар да «сүбелі» үлесін қосып жүр. Олар бас-басына би болып, өз бетінше сөздіктерді қаптатып шығарғанымен, барлық маманға ортақ, бекітілген бірыңғай терминдердің нормативтік сөздігін құра алмай келеді.

Осыдан сот процестерінде де орыс тілі үстемдік етуде. Тараптардың бірі орысша білмесе, мемлекет бұл тұйықтан шығу үшін оған аудармашы ұсынылады. Олардың да біліктілік деңгейі, жұмыс сапасы сын көтермейді. Бір мысал: биыл елді дүрліктірген Бишімбаев соты кезінде сот аудармашысының қарапайым сөйлемдерді дәл аудармаған кездері болды. Тіпті қате аударған тұсы да болғанын журналистер жазды.

Қазіргі Парламент пен Үкіметтен «қазақша заң жазады» деп күту – әбестік. Өйткені парламенттік журналистер палаталардың отырыстарында баяндамалар негізінен орысша жасала бастағанына назар аударыпты. Сондықтан билік тек сот аудармашыларының біліктілігін арттыру мәселесіне көңіл аударатынға ұқсайды.

Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың түсіндіруінше, Азаматтық процестік кодекске сәйкес, сот ісі жүргізілетін тілді мүлдем білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдар аудармашының қызметтерін тегін пайдалана алады. Олар соны қаласа, мемлекет аудармашымен қамтамасыз етуі керек.

«Бұл ретте аудармашының қызметі сатып алынады: онымен арада ақылы, өтеулі қызмет көрсету шарты бекітіледі. Азаматтық және әкімшілік істер бойынша аудармашыларға төленетін сыйақы мөлшері қазіргі кезде де Қазақстанның Министрлер кабинетінің 1992 жылғы 25 ақпандағы №152 қаулысымен реттеледі. Оған сәйкес аудармашылар құжаттарды жазбаша аударса, 1 парағы үшін төленеді. Егер ауызша, ілеспе аударып отырса, 1 сағат жұмысы үшін ақы есептеледі», – деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.

Алайда, сот аудармашылары өте аз алады, салдарынан бұл қызметке білікті мамандар қызыға қоймайтын көрінеді.

Мысалы, 2014 жылы Үкіметті Кәрім Мәсімов басқарып тұрған кезде қабылданған, бүгінге дейін қолданылып жүрген «Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде адамдардың шыққан шығыстарын төлеу қағидаларына» сәйкес, аудармашыларға сыйақы жазбаша аударманың 1 парағы (2000 белгіге дейін) немесе ауызша аударманың бір сағаты есебінен белгіленеді:

  • орыс тілінен қазақ тіліне және керісінше аударғанда – айлық есептік көрсеткіштің екіден бірінен (1/2 немесе 0,5-інен) аспайды. 2024 жылы бұл 1 846 теңге ғана;
  • Батыс Еуропа, түркі және басқа тілдерден орыс немесе қазақ тілдеріне және керісінше аударғанда – 1 АЕК-тен аспауға тиіс. Биыл бұл – 3 692 теңге.

Бұл – қылмыстық істердің аудармашыларына төленетіні.

Әділетсіздігі сол, қылмыстық істерге қатысатын аудармашыларға қарағанда, азаматтық істер бойынша аудармашыларға бұдан да төмен сыйақы мөлшері бекітілген екен. Сондықтан Жоғары сот 2019 жылдан бері азаматтық істерге қатысатын аудармашылардың төлем мөлшерін ең құрыса, қылмыстық істер бойынша аудармашылардың сыйақы мөлшерлерімен теңестіруді ұсынып келді.

«Сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін немесе жетік білмейтін іске қатысушы адамдарға мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, өтінішхаттарды мәлімдеу, шағымдар келтіру, іс материалдарымен танысу, сотта ана тілінде немесе өзі білетін басқа тілде сөз сөйлеу, аудармашының  қызметін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және аудармашымен қамтамасыз етіледі. Аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу тек Үкімет айқындайтын тәртіппен республикалық бюджет есебінен жүргізіледі», – деп түсіндірді Жоғарғы сот.


ПІКІР ЖАЗУ