Ел тарихында бұрын болмаған жаңа агенттік құрылатын болды

0
70

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Ұлттық рейтингтік агенттік туралы» жаңа заңының жобасына реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын қоғамдық талқылауға шығарды.

Еліміз тәуелсіздіктің 33 жылында мұндай агенттіксіз өмір сүрді, енді неге ол керек бола қалды?

«Қазақстанда ұлттық рейтинг агенттіктері жоқ.Бұл ресурстарды бөлудегі және экономиканы қаржыландырудағы қаржы нарықтарыныңтиімділігін шектейді. Республикада тәуелсіздік жылдары қаржы нарығының барлық дерлік негізгі инфрақұрылымы құрылды және табысты жұмыс істеуде: клиринг функциясына ие 2 қор биржасы (KASE, AIX), тіркеуші функциялары бар орталық депозитарий, кредиттік бюролар бар. Мұндағы жалғыз жетіспейтін буын – жергілікті кредиттік рейтинг агенттіктері болып тұр. Қазақстанда нарықтың шектеулі болуына және тиісті заңнамалық ортаның жоқтығынабайланысты олар құрылмады», – деп дәйектеді қаржылық реттеуші.

Ведомствоның түсіндіруінше, бұл жерде екі басты проблема туындады. Біріншіден,халықаралық, негізінен америкалық рейтинг агенттіктерінің қызметі біршама қымбат, тиісінше, біраз қаражат шетелге кетеді. Екіншіден, олардың талабына сай болып,лайықты рейтингті ұстап тұру ісі қымбатқа түсетіндіктен, отандық биржада құнды қағаздарын сататындар ешқандай рейтингалмай-ақ, саудаға шыға салады екен.

Сонымен, Moody’s, S&P, Fitch халықаралық рейтинг агенттіктерінің дерегінше, 2022 жылдың қорытындысында, Қазақстанның қор биржасында саудаланатын корпоративтік облигациялар эмитенттерінің кредиттік рейтингтермен қамтылуы небары 46%-ды құрады. Яғни, жартысына да жетпейді.

Құнды қағаздарын, облигацияларын шығарып, сататын эмитенттердің ішінде 14 банк пен 20 мемлекеттік компания ғана халықаралық рейтингтермен 100% қамтылған. Биржадағы 18 микроқаржы ұйымының 6-уының немесе небары33%-ының, қаржылық емес 42 компанияның 6-уының немесе бар-жоғы 14%-ының рейтингі болды.

Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми сайтынан алынған жария статистикаға сәйкесесептелгендей, халықаралық рейтингагенттіктерінен алынған эмитенттің және облигациялардың 1 шығарылымының кредиттік рейтингіне жұмсалған шығыстардың облигациялар бойынша жылдық сыйақы купонындағы үлесі:

• Екінші деңгейлі банктерде 1%-ды;
• Корпорацияларде – 0,7%-ды;
• микроқаржы ұйымдарында (іс жүзінде –шағын және орта бизнесте) – 4,5%-дан 12%-ға дейінгіні құрайды.

«Халықаралық рейтинг агенттіктерінен кредиттік рейтинг алу үшін жұмсалатын шығынның көп болуы салдарынан, 2020–2022 жылдары микроқаржы ұйымдары мен қаржылық емес компаниялар облигацияларының едәуір бөлігі KASE-де кредиттік рейтингісіз орналастырылып, сатылды. Бұл бір жағынан, білікті емесинвесторлар үшін тәуекелдер туғызады, екінші жағынан, құнды қағазын өткізетін эмитенттерөзіне қаражат тарту бойынша нарықтың әлеуетін толық пайдалана алмайды», – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу агенттігі.

Мәдина Әбілқасымованың командасы Ресейді үлгі етіп отыр. Солтүстік көршіде, «Ресей Банкінің» мәліметінше, 2023 жылдың басындағы жағдай бойынша ресейлік рейтинг қызметтерін тұтынушылар нарығында 323 банк, 132 сақтандыру компаниясы, шамамен 875 эмитент,сондай-ақ кредиттік рейтингтері бар облигациялардың 899 эмиссиясы болды.

Бүгінде РФ-та аккредиттелген 4 ұлттық рейтингагенттігі құрылған, бұлар: «АКРА», «Эксперт РА», НКР (ҰКР), НРА (ҰРА).

Мәскеу 2014 жылы Қырымды басып алып, Донбаста қақтығыс туындатқаны үшін алғашқы санкцияларға іліккенде, халықаралық рейтинг агенттіктеріне отандық баламаларын құруға белсене кірісті. «Ресей федерациясындағы кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметі туралы» заң 2015 жылы қабылданды. Заң қабылданған соң Ресейде халықаралық рейтингагенттіктерінің қызметі тоқтатылды.

2022 жылдың соңына «Эксперт РА» рейтингісіберілетін тұлғалардың кредиттік рейтингтерінің саны – 468, АКРА-да – 322, НКР-де – 67, НРА-да– 42-ні құрады.

Экономист Марат Ерғозин Қазақстанның Ұлттық рейтинг агенттігінің (ҰРА) тиімді боларына күмәнданады.

«Ұқсас идея 2005 жылы Алматыда өңірлік қаржы орталығын құрған кезде талқыланған болатын.Ол кезде билік бүкіл Орталық Азия мен ТМД елдері құзырын мойындайтын өңірлік рейтинг агенттігін (ӨРА) қалыптастыру жайын пысықтаған. ӨРА түгіл, Алматы қаржы орталығы да адыра қалды ғой. Қаржылық реттеуші енді Ресей тәжірибесін үлгі етіп, ҰРА жасамақ. Қосарлама санкциялардың енгізілуі ықтимал екенін түсініп, соған дайындалып жатуын да жоққа шығаруға болмайды. Алайда РФ-та биліктің қуатты қолдауымен тек екі рейтингагенттігі – АКРА, Эксперт РА ғана азды-кем қаржылық орнықты саналады. Қалған екеуі дәрменсіз жағдайда. Шетелдік бәсекелестерінен құтылған соң, көршіде бәсеке де жойылып, салада монополия жайлады. Тиісінше, агенттіктер өз қызметінің құнын қымбаттатты», –деді экономист.

Оның пікірінше, қазақстандық ҰРА-ның беретін кредиттік рейтингтері тек еліміздің ішінде ғана мойындалуы және қазақстандық нарықпен шектелуі мүмкін. Онда оның иегерлері шетелден заем тарта алмайды.

Дамыған елдер түгіл, тіпті одақтас Ресейдің де заңы қаталдау және көрші өз нарығына шетелдік рейтинг агенттіктерін жібермейді, олардың рейтингтерін қабылдамайды. Бұл тұрғыда Мәскеу заңын өзгертуі үшін Еуразиялық одақ аясында келіссөз жүргізуге тура келеді, ол ұзақ жылдарға созылады.

Орталық Азия елдері кредиттік рейтингтерге көп зәру емес. Қажетсінетіндері халықаралық рейтинг агенттіктерінің қызметіне жүгінеді. Мұндай жағдайда қазақстандық ҰРА-ның қаржылық орнықты, экономикалық орынды болуы күмәнді. Соған қарағанда, ол бюджетке тәуелді ұйым болып қалуы мүмкін.

Бұл тағы бір бетбұрысқа дайындық болуы ғажап емес. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, Еуразиялық одақ елдері ортақ қаржы нарығын құруда. Ресейлік сарапшылар оның аясында, америкалық саналатын алпауыт3 рейтинг агенттігінің – Moody’s, S&P, Fitch-тіңодақ аясындағы қызметіне тыйым салуды ұсынып жүр. Өйткені РФ заңы бойынша АҚШ Ресейде «жаулық пиғылдағы мемлекет» дептанылған. Мәскеу осы ұстанымын одақтастарына таңуға талпынады.

Осы орайда Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2020 жылғы 20 қазандағы №148 өкімімен «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» мақұлданды. Оған сәйкес, одаққа кіретін бес ел бірдей заңдармен өмір сүретін болады.

Аталған жоспардың 27-тармағына сәйкес, 2024жылдан бастап, 2029 жылға дейінгі аралықтаодақ елдері «рейтинг агенттіктерінің қызметін жүзеге асыруға қойылатын талаптардыүйлестіреді». Рейтинг агенттіктерінің қызметінеүйлестірілген, бірыңғай талаптар әзірленеді.

Одақтың бірыңғай талаптары дегені артынша Мәскеудің талаптары болып шыққан кезі аз емес.

Қалай болғанда, Мәдина Әбілқасымованыңведомствосы Ұлттық рейтинг агенттігін құруға асыққанда, бір қаупі барын ашық айтты. Егер ҰРА-ны құрмаса, одақтың ортақ рейтинг нарығы құрылғанда, онда тек Ресейдің монополиясы орнайды. Өйткені Беларусьте де, Қырғызстанда да, Арменияда да ұлттық рейтинг агенттігі жоқ.

«Еуразиялық одақ туралы шартта оған қатысушы елдер арасында бірыңғай капитал нарығын қалыптастыру белгіленген. Рейтингтік қызмет саласын үйлестіру – одақтың бірыңғай қаржы нарығының бір инфрақұрылымы ретінде «рейтингтік қызметтердің бірыңғай нарығын»қалыптастыруға бағытталып отыр. Аталған процестің аясында ұлттық кедергілерді толық жою және ұлттық рейтинг агенттіктері мен олар беретін бағаны мойындау қарастырылуда. Осылайша, ЕАЭО-да рейтинг қызметтерінің бірыңғай нарығы құрылады. Бүгінде Ресей федерациясында 4 ұлттық рейтинг агенттігіжұмыс істейді, Қазақстанда бірде бірі жоқ! Бұл одақтың бірыңғай нарығы құрылған жағдайда,Қазақстанның ұлттық қаржы жүйесі үшін сын-қатерлер туғызады», – деген түсініктеме берді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.


ПІКІР ЖАЗУ