1 теңге берсең, 1 тиын қайтпайды: Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік қолдаудың кемшіліктерін ашты
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Мәжіліс қабырғасында бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындысын жариялады. Тексеріс нәтижесінде саладағы жүйесіздік пен миллиардтаған қаражаттың тиімсіз жұмсалғаны әшкере болды, деп хабарлайды Politico.kz
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдегі бизнесті дамытуға басымдық берілгенімен, оның орындалу барысы көңіл көншітпейді. Соңғы 6 жылда мемлекет қазынасынан кәсіпкерлерді қолдауға 4,5 триллион теңге бағытталған. Бұл сомаға салықтық жеңілдіктер кірмейді. Қаражаттың басым бөлігі, яғни 90 пайызы субсидиялау, кепілдік берілген сатып алу және несиелеу сияқты бес негізгі құралға жұмсалған.
Алайда Ұлттық экономика министрлігінің деректері нақты жағдаймен қабыспайды. Аудит көрсеткендей, ведомство келтірген сандар шындықтан кемінде екі есе төмен. Сондай-ақ министрлік әзірлеген Бірыңғай тізілімнің сапасы сын көтермейді. Онда Кәсіпкерлік кодекстегі шаралар толық қамтылмаған, тіпті өзектілігін жоғалтқан тетіктер де жүр.
Салада бірыңғай ақпараттық платформаның болмауы жағдайды ушықтырып тұр. «БАҚЫЛАУДА» ақпараттық сервисінің болашағы бұлыңғыр, оның заңды мәртебесі жоқ және деректердің растығына ешкім кепілдік бермейді. Осы жүйесіздіктің салдарынан бір кәсіпкердің бюджеттен 19 түрлі қолдау шарасын қатар алған жағдайлары кездескен. Тиімділікті бағалау тек жұмыс орны мен салық көлемімен шектеліп, өндірістің нақты өсімі ескерілмеген.
Операторлар жұмысында да берекесіздік басым. Мәселен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Іскерлік байланыстар» жобасына талапқа сай келмейтін тұлғаларды қатыстырған. Кейбір компаниялардың кредиттік рейтингі төмен болса да, оларға мемлекеттік қолдау көрсетілген. Қаржыландыру кезінде жоба құны әдейі асыра көрсетіліп, нәтижесінде бір ғана жоба бойынша 20 миллиард теңге иесіз қалған. Тіпті мемлекеттен көмек ала отырып, құрылтайшыларға дивиденд төлеген фактілер де бар.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысы да сынға ілікті. Өңірлік даму институты болуы тиіс құрылымдар заңсыз банк қызметін атқарып, жеңілдетілген несие үлестірумен айналысып кеткен. Олардың басым бөлігі шығынмен жұмыс істеуде.
Аудит барысында жаға ұстатарлық деректер анықталды. Мәселен, Павлодарда іс жүзінде жоқ зауытқа инженерлік желілер тарту үшін 2,4 миллиард теңге жұмсалған. Жалпы алғанда, мемлекеттік қолдаудың 1 теңгесіне қайтқан салықтың көлемі 1 теңгеге де жетпейді.
Тексеріс қорытындысы бойынша 133 миллиард теңгенің бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланғаны белгілі болды. Қаржылық есепті бұрмалау фактілері 132 миллиард теңгені құраса, 13 миллиард теңгеге тікелей қаржылық бұзушылық жасалған. Анықталған заңсыздықтар бойынша 14 іс құқық қорғау органдарына жолданып, 105 әкімшілік іс қозғалды.
Соңғы жаңалықтар