"11 сынып оқушылары ұрған": мектепте 15 жастағы жасөспірім қаза болды

21.09.2026 14:07 Мөлдір ҚАЙНАР
242
Фото: kaktus.media

Қырғызстанның Жалалабат облысы Чатқал ауданына қарасты Құрылыс ауылында 9-сынып оқушысы соққыға жығылып, қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жергілікті тұрғындар мен алдын ала мәліметтерге сәйкес, жасөспірім сабақ уақытында 11-сынып оқушыларынан таяқ жеген. Мектепке Жаны-Базар ауылынан жедел жәрдем шақырылғанымен, 2011 жылы туған оқушы ауруханаға жетпей, жолда көз жұмды.

Жалалабат облыстық ІІБ хабарлауынша, аталған дерек бойынша Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 130-бабы («Денсаулыққа ауыр зиян келтiру») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Чатқал аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері күдікті ретінде 2009 жылы туған төрт жасөспірімді (И.М., Н.С., Н.К. және Т.А.) ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның мән-жайын толық анықтау мақсатында тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар өңірде құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілді.

Войдите, чтобы оставить комментарий