"1,5 миллион теңге, 10 сиыр мен бір жылқы беріледі": әкімдік тұрғындарды ауылға көшуге шақыруда

23.02.2026 14:05 Мөлдір Талғат
332
Фото: коллаж POLITICO.KZ

Семей қаласында «Қаладан – ауылға» атты пилоттық жоба басталды. Бағдарлама аясында тұрғындарға шалғай ауылдық елді мекендерге көшу ұсынылып, қаржылай және материалдық қолдау қарастырылған, деп хабарлайды Politico.kz «24KZ» арнасына сілтеме жасап.

Жобаның негізгі мақсаты – ауылдарды дамыту, кадр тапшылығын азайту және қала тұрғындарын ауылдық жерлерге тарту.

Абай ауданы Медеу ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Кеңесбекұлының айтуынша, мектеп жасындағы балалары бар отбасыларға басымдық беріледі.

«Біз мектеп жасындағы балалары бар отбасыларды шақырамыз. Оларға тұрғын үй, 10 сиыр және бір жылқы береміз. Тұрақты жұмысқа орналастырамыз», – деді ол.

Көшіп келген отбасыларға бастапқы жарна ретінде 1,5 миллион теңгеге дейін қаржы қарастырылған.

Сонымен қатар бизнес ашуға немесе мал шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетіледі. Кәсіпкерлерге 6% жылдық мөлшерлемемен 10 жылға дейін жеңілдетілген несие мен грант алу мүмкіндігі бар.

Көкпекті ауданы Шұғылбай ауылдық округінің әкімі Нұрлан Назархановтың сөзінше, өткен жылы ауылға екі отбасы көшіп келген.

«Жер ресурстары жеткілікті. Жұмыс істегісі келетіндерге барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Соңғы 10 жылда ауылға жаңа тұрғындар келмеген еді. Былтыр екі отбасының көшіп келуі біз үшін маңызды оқиға болды», – деді әкім.

Қазіргі таңда Абай облысында 600 мыңнан астам адам тұрады, оның 222 мыңы ауылдық жерде өмір сүреді. Өңір басшылығы ауылдардың даму әлеуеті жоғары екенін атап өтеді.

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің айтуынша, жобаның мақсаты – ауыл халқын сақтап қана қоймай, оны арттыру және елді мекендерді тартымды ету.

«Ауылдардың даму әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту қажет. Бізде қажетті ресурстар бар және нақты нәтижеге қол жеткізуге ұмтыламыз», – деді ол.

«Қаладан – ауылға» жобасы 2028 жылға дейін жүзеге асырылады. Билік ауыл экономикасын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий