170 млн теңгенің сағаттары ұрланған: Бауыржан Байбектің әйелі полицияға арыз жазды

07.09.2026 09:48 Абзал БАХЫТЖАНОВ
170 млн теңгенің сағаттары ұрланған: Бауыржан Байбектің әйелі полицияға арыз жазды
438
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Бауыржан Байбектің әйелі Астанадағы пәтерінен 170 млн теңгенің сағаттары ұрланғанын мәлімдеген, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің Астанадағы пәтерінен 170 млн теңгенің қымбат сағаттары қолды болған. Ұрлық туралы полицияға оның әйелі шағым түсірген.

Қылмыскер түпнұсқа сағаттарды алып кетіп, орнына алдын ала сатып алынған көшірмелерін қойып кеткен. Бұл жағдайды пәтер иелері байқап қалып, бірден құқық қорғау органдарына жүгінген. Жоғалған заттардың қатарында Breguet, Blancpain, Hublot, Jaeger-LeCoultre және A. Lange & Söhne брендтері бар.

Бауыржан Байбек Қаңтар оқиғасынан кейін елден кеткен еді. Сондықтан полицияға экс-шенеуніктің өзі емес, оның 45 жастағы әйелі Жанар Байбек арыз жазған. Бұрын судья болып істеген әйел ұрланған 8 сағаттың жалпы құнын 170 млн теңге деп көрсетіпті.

Шағым иесі 2022 жылдың наурызында балаларымен Қазақстаннан кеткенін түсіндірген. Ол елге 2024 жылы бір рет келіп кеткен. Ал биыл қайта оралған кезде қымбат заттардың орны ауыстырылғанын байқаған.

Тергеу барысында ұрлыққа 31 жастағы ер адамның қатысы болуы мүмкін екені анықталды. Ол Бауыржан Байбектің Мақсат есімді көмекшісінің қарамағында жұмыс істеген. Нұрболат есімді бұл азаматтың Астанадағы элиталық тұрғын үй кешенінде орналасқан пәтерге еркін кіріп-шығуға мүмкіндігі болған.

Жауап алу кезінде Нұрболат сағаттарды ауыстырғанын мойындады. Бірақ ол 8 емес, тек 4 сағатты жымқырғанын айтқан. Ал заттарды сатып алған делдалдың ұялы телефоны тексерілгенде, 6 хронографтың сатылғанын растайтын хат-хабарлар табылған.

Қазіргі уақытта тергеу орындары бұрынғы шенеунік пен экс-судьяның отбасынан нақты қанша сағат ұрланғанын анықтап жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған аса ірі мөлшерде ұрлық жасады деген айып тағылуда. Бұл қылмыс үшін мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Бауыржан Байбек «Qazaq Kaolin» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарады.

Войдите, чтобы оставить комментарий