Астанада жерге түскен қамырды жинап алған: компания желідегі дауға жауап берді
Астанадағы танымал Dodo Pizza мекемесінің жанында жерге түскен қамырды жұмысшылардың қайта контейнерге жинап жатқан сәті видеоға түсіп, желіде қызу талқыланды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиғаның куәгері жүкті түсіру кезінде тротуарда жатқан қамырлардың асханаға қайта кіргізілгенін айтып, дабыл қаққан. Оның жазбасындағы мәліметтер желі қолданушыларының ашуын тудырды.
«Бұл пиццаны бәрі жақсы көретін шығар. Бүгін жеткізушілердің жерге түскен қамырды қайтадан контейнерге салып, кафеге кіргізгенін көрдім. Ең болмағанда тағамдық пакетке де салмаған. Өте сұмдық жағдай. Балаларға үнемі алатын едік, енді мүлдем жоламаймыз», – деп жазды видео авторы.
Кадрлар қоғамдық тамақтану орындарындағы санитарлық талаптар мен өнім тасымалдау ережелерінің сақталуына қатысты үлкен пікірталасқа ұласты. Тұтынушылардың бірі мекемені «қара тізімге» қосқанын жазса, екіншілері ластанған өнімді тағамға қосу мүмкін еместігін, жұмысшылар оны көшеден тазарту үшін жинауы ықтимал екенін алға тартты.
Дауға қатысты Dodo Pizza компаниясы ресми түсініктеме беріп, жерде жатқан өнімдердің тағамға пайдаланылмағанын және бірден есептен шығарылғанын мәлімдеді.
«Аталған дерек тіркелді, өнім бірден есептен шығарылды. Бұл қамырлардың ешқайсысы тағам дайындауға жіберілген жоқ. Оны көшеде қалдыра алмайтындықтан, қызметкерлер кейіннен жою үшін жинап алды. Біз сапа мен қауіпсіздік стандарттарына мұқият қараймыз және алаңдаушылық тудырғанымыз үшін кешірім сұраймыз. Мұндай жағдайлар қайталанбас үшін тиісті шаралар қабылданады», – деді мекеме өкілдері.
Елімізде қолданыстағы техникалық регламент бойынша қоғамдық тамақтану орындарында өнімдерді сақтау, тасымалдау және дайындау барысында олардың ластануына жол берілмеуі қатаң талап етіледі.
Соңғы жаңалықтар