200 млн теңге қарыздан құтылған кәсіпкер: Күйеуіммен ажырасқаныма еш өкінбеймін

15.07.2026 10:26 Томирис САҒЫНДЫҚ
200 млн теңге қарыздан құтылған кәсіпкер: Күйеуіммен ажырасқаныма еш өкінбеймін
75
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Отандық танымал кәсіпкер Ардақ Әзімхан тұңғыш ұлын дүниеге әкелгеннен кейін көп ұзамай жолдасымен не себепті жолдары екіге айырылғанын ашық айтты. Ол басынан өткен қиын кезеңдерін бөлісе отырып, шешіміне еш өкінбейтінін жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында айтты.

Кәсіпкердің айтуынша, шаңырақтың шайқалуына ерлі-зайыптылардың жұмысқа, өмірге деген көзқарастарының екі түрлі болуы басты себеп болған.

«Мен — еңбекпен шыңдалған, үнемі қозғалыста жүретін жұмыстың адамымын. Ал бірінші жолдасым бәрінің дайын болғанын қалайтын және маған кәсіп аясында көп шектеу қоятын. Уақыт өте келе отбасының ер адамы да, әйелі де өзім болып кеткенімді түсіндім. Нәпақа табу, бала тәрбиесі, күйеуге қарау — бәрі менің иығыма жүктелді. Мұндай ауыр жүкті жалғыз арқалап жүру оңай болған жоқ», — дейді Ардақ Әзімхан.

Сонымен қатар, кәсіпкер жолдасының өзге ұлт өкілі болғаны да тұрмыста өзіндік қиындықтар тудырғанын жасырмады. Алайда ол бұл некенің сәтсіз аяқталуын өмірлік үлкен мектеп деп қабылдайды.

«Жар деген — сенің өмірлік серігің. Бір күні менің санамда: "Мен бұл адаммен өмір бойы бір дастарқан басында сырласа аламын ба?" деген сұрақ туды. Оның менің адамым емес екенін ерте түсіндім. Біз уақытында ажырастық және мен бұл қадамыма еш өкінбеймін. Әрине, бұл басқаларға "ажырасыңдар" деген үгіт емес, мен тек өз тағдырымдағы маңызды шындықты ертерек ұғындым», — деп түйіндеді сөзін кәсіпкер.

Бүгінде өткен күнге тек ризашылықпен қарайтын Ардақ Әзімхан өмірдің кез келген соққысын жаңа белестерге жол ашатын үлкен тәжірибе деп санайды. Мұнымен қатар, ол сұқбатта 200 млн теңге қарыздан қалай құтылғанын бөлісті.

Войдите, чтобы оставить комментарий