Шымкенттегі шудан кейін Қайрат Нұртастың концерті кейінге шегерілді
Қазақстандық танымал әнші Қайрат Нұртастың Қызылордада өтуі тиіс концерті кейінге шегерілді, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Әншінің мәліметінше, 18 қазанға жоспарланған концерт енді 20 қазанда өтеді. Бұған дейін билет сатып алған көрермендер оны қайта пайдалануға мүмкіндік алады.
«18 қазанға жоспарланған концертіміз 20 қазанға ауыстырылды. Бұрын сатып алынған барлық билет жарамды болып қалады. Түсіністік танытқандарыңызға рақмет!» — деп жазды Қайрат Нұртас.
Айта кетейік, бұған дейін әншінің концерті кезінде көрермендер арасында жаппай итеріс пен адам кептелісі болған еді. Оқиға 10 қазан күні Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен концерттен кейін тіркелген. Әлеуметтік желіде бірқатар көрермен денелеріндегі көгерген жерлер мен жарақаттарын көрсетіп, жазбалар жариялады.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық көмекке сегіз адам жүгінген. Олардың жетеуі тексеруден кейін үйлеріне жіберілген. Ал 18 жастағы қыз ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылған. 11 қазан күні дәрігерлер оның жағдайында аздаған оң өзгеріс бар екенін хабарлағанымен, науқастың жағдайы әлі де тұрақты ауыр деп бағаланған.
Әзірге концерттің кейінге шегерілуіне қатысты қосымша себептер жарияланған жоқ.
Соңғы жаңалықтар