Мемлекетке сыйлық: Нұрасыл Медеу ерекше шешім қабылдады
Бес жыл бұрын бұл бір адамның арманы еді. Ол өз қаражатын, күш-жігерін, уақыты мен еңбегін жұмсап, әуелі университеттің тұжырымдамасын жасап, сәулеттік жобасын әзірледі. Кейін сол жобаны жүзеге асырып, толыққанды жоғары оқу орнын құрды. Ал енді бес жыл бойы қалыптастырған Қазақ ұлттық спорт университетін (KNUS) мемлекетке тегін беріп отыр. Университеттің негізін қалаушы Нұрасыл Медеудің бұл шешімі Қазақстандағы меценаттықтың өзгеше үлгісіне айналуы мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.
Бүгін Қазақ ұлттық спорт университетінде ерекше жиын өтті. Әдетте мұндай салтанаттарда жаңа ғимараттың ашылғаны немесе оқу орнының кезекті жетістігі жарияланатын. Бұл жолы әңгіме мүлде басқа мәселе төңірегінде өрбіді. Жеке адамның бастамасымен құрылған, бес жылда мыңдаған студентті қабылдайтын жоғары оқу орнына айналған университет мемлекет меншігіне өтеусіз берілетін болды.
Осы маңызды оқиғаға арналған салтанатты жиынға Politico.kz тілшісі де қатысты.
Шараға университеттің негізін қалаушы Нұрасыл Медеу, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, оқу орнының оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері жиналды.
Кездесу ұлттық нақыштағы бимен басталды. Қазақы ою-өрнекпен безендірілген киім киген бишілер өнер көрсеткеннен кейін көпшілік алдында университеттің негізін қалаушы сөз алды.
150 студенттен бес мыңға дейін
Шарада бірінші болып сөз сөйлеген Нұрасыл Медеудің айтуынша, бұл университетті құру идеясы 2021 жылы пайда болған. Сол кезде ол Қазақстанда әлемдік талаптарға сай спорт мамандарын даярлайтын жоғары оқу орнын ашуды мақсат еткен.
«2021 жылы Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясын ашқан кезде Қазақстанда әлемдік деңгейдегі спорт университетін құруды армандадым. Жастар өз қабілеттерін шыңдап, халықаралық талаптарға сай сапалы білім алып, ғылыммен айналысып, үлкен спортта жетістіктерге жете алатын білім ордасын қалыптастырғым келді», – деді Нұрасыл Медеу.
Алғашында небәрі 150 студенті болған шағын академия бүгінде бес мыңға жуық жас білім алатын университетке айналған.
Осы аралықта оқу орнының ғимараттары мен материалдық базасы қалыптасып қана қоймай, білім беру бағдарламалары әзірленіп, ғылыми зертханалар ашылған, шетелдік университеттермен байланыс орнатылған.
Осының бәрі бес жылдың ішінде атқарылған.
Университетті құру бастамасы Нұрасыл Медеудің өзінен шыққан. Ол идеяны жүзеге асыруға жеке қаржысын жұмсап, жобаның алғашқы тұжырымдамасынан бастап бүгінгі деңгейіне жетуіне дейін атсалысқан.
Енді осынша уақыт бойы қалыптастырған оқу орнын мемлекетке ешқандай ақы алмай беруді ұйғарған.
«Бұл – сату да емес, мәжбүрлі шешім де емес»
Салтанатты жиындағы ең маңызды мәлімдеме де осы болды.
Нұрасыл Медеу университетті мемлекетке өтеусіз беру туралы шешімін ресми түрде жариялап, бұл қадамның мәнін түсіндірді.
Оның айтуынша, оқу орнын мемлекетке беру туралы ой кейіннен пайда болмаған. Мұндай шешім университет құрылған сәттен бастап көзделген.
«Кез келген алыпқашпа әңгімеге нүкте қойғым келеді. Бұл – сату да емес, сенімгерлік басқаруға беру де емес, мәжбүрлі түрде жасалған қадам да емес. Бұл – туған еліме жасалған өтеусіз сый», – деді KNUS негізін қалаушы.
Яғни әңгіме университетті мемлекетке сатудан немесе белгілі бір ақыға басқаруға беруден емес, толықтай сыйға тартудан болып отыр.
Бұл қадамның ерекшелігі де осында.
Әдетте меценаттық дегенде белгілі бір жобаға қаржы бөлу, ғимарат салуға көмектесу немесе дарынды студенттерге грант тағайындау ойға келеді. Ал бұл жолы бір кәсіпкердің бастамасымен тұтас университет құрылып, бес жыл бойы дамытылғаннан кейін мемлекетке өтеусіз беріліп отыр.
Студенттердің гранттары не болады?
Университеттің мемлекетке берілуі студенттердің оқуына, әсіресе құрылтайшы есебінен бөлінген гранттарға әсер ете ме?
Нұрасыл Медеу бұл мәселеге де арнайы тоқталды.
Оның айтуынша, қазір университетте оқып жатқан студенттер алдындағы барлық міндеттеме толық сақталады. Бұрын тағайындалған құрылтайшы гранттары да тоқтатылмайды.
Студенттердің оқу мерзімі аяқталғанға дейін гранттарды қаржыландыруға қажетті қаражат университеттің есепшотына орналастырылған. Сонымен бірге бұл міндеттемелер заң жүзінде бекітіледі.
Бұған дейін Нұрасыл Медеудің бастамасымен оқу орнында Life Chance Grant және Merit Grant бағдарламалары іске қосылған.
Merit Grant студенттің оқу ақысын толық өтейді.
Ал Life Chance Grant аясында оқу ақысы ғана емес, ай сайынғы шәкіртақы, тәлімгерлік қолдау, жатақханада тұру және шетелде білім алу мүмкіндігі де қарастырылған.
Бұл гранттар әсіресе шалғай ауылдардан келген талантты жастардың сапалы білім алуына жол ашуға бағытталған.
Бес жылда қандай жетістікке жетті?
Қазақ ұлттық спорт университеті осы уақыт ішінде бірқатар халықаралық жобаны жүзеге асырған.
Мәселен, Халықаралық киберспорт федерациясымен бірге киберспорт зертханасы ашылған. Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігінің қатысуымен Sport Media Lab зертханасы құрылған.
RITA халықаралық жобасы аясында Құтқару спорты орталығы іске қосылған. Ал Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен (WADA) ынтымақтастық нәтижесінде Орталық Азияның білім беру хабы құрылған.
Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлесіп Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығы ашылған.
Венгрияның Спорт және ғылым университетімен бірге спорттағы озық тәжірибе мен тұрақты даму орталығы құрылған. Сонымен қатар БҰҰ-ның «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының (UN Women) қолдауымен Women in Sport Kazakhstan жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Оқу орны шетелдік университеттермен қос диплом беретін бағдарламаларды да дамытып келеді.
Eclore Business School оқу орнымен ынтымақтастық нәтижесінде алғашқы 20 магистрант қос диплом алған.
Қазір Швеция, Корея Республикасы, Италия және Польша университеттерімен де осындай бағдарламаларды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Университеттің басты байлығы – ғимарат емес»
Нұрасыл Медеу оқу орнының жетістігін тек салынған ғимараттармен немесе сатып алынған жабдықтармен өлшеуге болмайтынын айтты.
«Университет дегеніміз – ғимарат пен қабырғалар ғана емес. Оның басты байлығы – білікті оқытушылар құрамы, бірегей білім беру бағдарламалары, дұрыс ұйымдастырылған оқу үдерісі және жүйелі тәрбие жұмысы», – деді ол.
Оның айтуынша, университет студенттері халықаралық спорт жарыстарында да табысқа жетіп жүр.
Мәселен, құрылтайшы келтірген мәлімет бойынша, 2026 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында Қазақстан атынан қатысқан KNUS-тың 17 студентінің 14-і жүлдегер атанған.
Бұл нәтижені Нұрасыл Медеу университетте қалыптасқан спорттық даярлық пен білім беру жүйесінің жетістігі ретінде атап өтті.
Университетті беру туралы құжатқа қол қойылды
Салтанатты жиында Нұрасыл Медеуден кейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов сөз сөйледі.
Одан соң университеттің негізін қалаушы мен Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов оқу орнын мемлекетке беру туралы құжатқа қол қойды.
Жиын барысында университеттің қалыптасуына және дамуына үлес қосқан оқытушылар мен қызметкерлерге Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.
Құрылтайшы гранттарын жеңіп алған студенттерге арнайы сертификаттар берілді.
Кейін университет ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева сөз алып, Нұрасыл Медеуге оқу орнын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
«Бұл – туған еліме жасаған сыйым»
Нұрасыл Медеу үшін бұл шешімнің тек мүлікті мемлекетке берумен шектелмейтіні сөзінен байқалды.
Бес жыл бұрын өзі бастаған жобаның ендігі тағдырын мемлекетке сеніп тапсыратынын айтқан құрылтайшы университеттің алдағы уақытта да жастарға қызмет ететініне сенім білдірді.
«Қазақстанның болашағына осындай үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе. Біз құрғанның барлығы жастарға, отандық спортқа және елімізге қызмет етуі керек», – деді ол.
Сөзінің соңында Нұрасыл Медеу университетті ұзақ сапарға дайын тұрған кемеге теңеді.
«Бүгін мен осы кемені мақтанышпен үлкен сапарға шығарып саламын. Алда жаңа жаңалықтар, студенттердің жаңа буындары және халықаралық аренада Қазақстанның туын биікте желбірететін жаңа жетістіктер күтіп тұр!» – деді университеттің негізін қалаушы.
Осылайша, бес жыл бұрын бір адамның бастамасымен, жеке қаражаты мен еңбегінің арқасында дүниеге келген оқу орны мемлекетке өтеусіз беріліп отыр.
Бұл – бір реттік қайырымдылық көмек емес. Жобаға ақша бөліп, кейін шетке шығу да емес. Әуелі толыққанды университет құрып, оны бірнеше жыл бойы дамытып, білім беру мен ғылыми зерттеу жүйесін қалыптастырып, содан кейін мемлекет игілігіне тапсыру.
Мұндай ұзақмерзімді меценаттықтың нәтижесі енді университет қабырғасында білім алатын жастардың жетістігімен өлшенбек.
Ал бес жыл бұрынғы шағын академияның бүгінгі бес мыңға жуық студенті бар университетке айналуы бір адамның идеясы мен табандылығы қандай нәтижеге жеткізе алатынын көрсетіп отыр.
Соңғы жаңалықтар