2025 жыл: Президент пәрмені қандай болды?
Биыл Қазақстан үшін саяси тұрғыдан мазмұны қалың, шешімі көп жыл болды. Ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да күн тәртібін айқындаған бастамалар қабылданып, мемлекеттік институттардың жұмысына, қоғамдағы талқыға әсер етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық аренада да, ел ішінде де ұзақ мерзімді бағытты нақтылап, «қалай дамимыз, қайда барамыз» деген сұрақтарға жауап іздеді. Шолу жасайық.
БҰҰ реформасындағы «Жаңарған әлем»
2025 жылы Қазақстан халықаралық деңгейде маңызды бастамаларымен көрінді. Солардың ішіндегі ең салмақтысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымын жаңғырту туралы ұсынысы болды. Президент бұл мәселені БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында көтеріп, қазіргі әлемдік жүйе уақыт талабына толық жауап бере алмай отырғанын ашық айтты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымын формалды құрылым емес, нақты шешім қабылдайтын тиімді ұйымға айналдыру қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, бүгінгі геосаяси жағдайда бұрынғы тәсілмен жүру мүмкін емес.
«Бізге бүгінгі күннің сын қатерлеріне де, ертеңгі міндеттерге де жауап бере алатын жаңарған БҰҰ қажет. БҰҰ-ны жаңғыртудың орталық элементі Қауіпсіздік Кеңесін реформалау болуы тиіс. Азия, Африка және Латын Америкасының ірі мемлекеттері Қауіпсіздік Кеңесінде ротация негізінде ұсынылуы керек», деді Қ.Тоқаев.
Осы тақырыпты жалғастыра отырып, Президент орта мемлекеттердің рөліне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі әлемде дәл осы елдер тұрақтылықты сақтай алатын маңызды күшке айналып келеді.
«Қазақстан жауапты орта державалардың дауысы Қауіпсіздік Кеңесінде едәуір күшеюі керек деп санайды. Орта державалар халықаралық қатынастарда тепе теңдікті сақтап, сенімді нығайтып келеді. Олар ұлы державалар өзара келісе алмаған кезде Біріккен Ұлттар Ұйымының ішінде байланыстырушы көпір бола алады», деп нақтылады Мемлекет басшысы.
Саясаттанушы Риззат Тасым Қазақстан үшін жаһандық саяси маусым БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы отырысынан кейін басталғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл алаң мемлекеттер үшін тек декларативті сөз айту емес, нақты дипломатиялық келіссөздер жүргізіп, жаңа серіктестіктер орнататын басты платформа болды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ шеңберінде екіжақты кездесулерге ерекше мән берді. Былтыр 30-дан астам келіссөз өткізсе, биыл да халықаралық және америкалық бизнес өкілдерімен бірқатар кездесулер өтті. Бұл қадамдар Қазақстанның саяси ғана емес, экономикалық мүддесіне де тікелей әсер етті. Қазақстан көпполярлы әлем жағдайында БҰҰ-ның тиімділігін арттыру, дамушы елдердің мүддесін қорғау, климат пен азық түлік қауіпсіздігіне әділ көзқарас ұсыну арқылы салмақты ұстаным білдірді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалау тақырыбы Қазақстан үшін бұрыннан көтеріліп келе жатқан мәселе екенін еске салды», дейді сарапшы.
«Таза Қазақстаннан» жаһандық үндеуге дейін
2025 жылы Қазақстан көтерген тағы бір маңызды бастама еріктілер қозғалысына қатысты болды. Мемлекет басшысының ұсынысымен 2026 жыл БҰҰ аясында тұрақты даму үшін еріктілер жылы болып жарияланды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас Ассамблеяның жалпы пікірталасында мәлімдеді.
Президент бұл бастаманың негізінде Қазақстандағы нақты тәжірибе жатқанын айтты. Ол елде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанына тоқталды.
«Қазақстан қоршаған ортаны қорғау аясында Таза Қазақстан атты жалпыұлттық науқанды жүзеге асырып жатыр. Бұл қозғалысқа миллиондаған ерікті қатысып, тазалық жұмыстарымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосып келеді», деді Мемлекет басшысы.
Биыл елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде өтті. Жыл басынан бері осы бастама аясында 1 250 іс шара ұйымдастырылды. Олардың ішінде «Таза қала», «Таза аймақ», «Киелі мекен», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні», «Мөлдір бұлақ» республикалық науқаны, сондай ақ World Clean Up Day мен «Халықаралық құстар күні» сияқты халықаралық акциялар бар. Бұл шаралар ел аумағында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесі де айтарлықтай болды. Биыл республика бойынша 795 мың тоннадан астам қоқыс жиналды. 1 млн гектардан аса аумақ тазартылды. Ең бастысы ел көлемінде шамамен 2 млн 800 мың ағаш отырғызылды. Экологиялық акцияларға 6 млн 400 мыңнан астам адам қатысты. Бұл қоғамда табиғатқа деген жауапкершіліктің артып келе жатқанын көрсетті.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Айнаш Қойшыбаева «Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты тек тазалық емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастаманың өзегінде экологиялық сананы өзгерту тұр.
«Таза Қазақстан» экологиялық акцияларының ең негізгі бағыттарының бірі экологиялық сананы өзгерту болды. Осы бағытта министрлік тарапынан студенттер мен оқушылар арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жасыл балабақшалар ашылды. Мектептерде арнайы жасыл клубтар жұмыс істеді. Бұл жұмыстар алдағы жылы да өз жалғасын табады», дейді ол.
Еріктілер жылы
Алдағы 2026 жыл Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен Халықаралық еріктілер жылы болып жарияланды. Бұл бастама Қазақстан тарапынан ұсынылды. Осылайша, еліміз жаһандық деңгейде еріктілік қозғалысты қолдау мен оның қоғамдағы рөлін арттыруға тағы бір мәрте үн қосты.
БҰҰ бұған дейін 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік жылы деп жариялаған еді. Сол кезеңде әлемнің әр аймағында бейбітшілікті нығайтуға, ортақ адамзаттық мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар жүргізілді. Ал 2026 жылдың басты тақырыбы еріктілер еңбегіне арналды. Бұл ұсынысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында көтерген болатын.
Жер жүзінде ақысыз түрде елге қызмет етуге дайын жандар аз емес. Сол жандардың еңбегін мойындау мақсатында БҰҰ 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп бекітті. Қазақстан ұсынған бұл қарарға Армения, Боливия, Германия және Кения қолдау білдірді. Нәтижесінде құжатты қабылдауға БҰҰ ға мүше 54 мемлекет қатысты.
«Осындай құрметті жиында Халықаралық еріктілер жылының басталуына орай сөз сөйлеу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл маңызды қадам біздің ортақ мақсатымызды, яғни еріктілікті дамыту мен оның ұлттық және жаһандық прогреске қосқан үлесін нығайтуды көрсетеді. Қазақстан осы бастаманы ұсынды және осы айтулы жыл бойы, одан кейінгі кезеңде де әлеуметтік маңызы бар еріктілік қызметті қолдау мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық мемлекеттермен және азаматтық қоғаммен ынтымақтастықты жалғастырады. Біз ерікті болудың тұрақты даму мақсаттарына жетуге үлкен ықпал етіп отырғанына сенімдіміз», деді Президент.
БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Анналена Бербок та еріктілердің рөліне тоқталды. Оның айтуынша, еріктілердің әлеуеті бүкіл әлемге серпін беріп отыр.
«Еріктілердің әлеуеті мен күш қуаты әлемді құтқарады. БҰҰ бағдарламасында 150 қызметкер ғана ресми жұмыс істейді. Ал дүниежүзі бойынша 169 елде 15 000 ерікті еңбек етеді. Олар гендерлік теңдік, климаттың өзгеруіне бейімделу, қақтығыстар мен экономикалық даму сияқты маңызды бағыттарда қолдау көрсетіп келеді. Қазір қарулы қақтығыстар жүріп жатқан өңірлерде вакциналау жүргізіліп жатыр. Ондай жерге кез келген адам өз еркімен бара бермейді», деді ол.
Ядролық қарусыздану және биологиялық қауіпсіздік
2025 жылы Қазақстан халықаралық аренада ядролық қарусыздану және биологиялық қауіпсіздік мәселесін басты басымдықтардың бірі ретінде көтерді. Бұл тақырып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында сөйлеген сөзінде айқын көрініс тапты. Президент әлемдік қауіпсіздікке төнген қатерлерді ашық айтып, ядролық қаруға қатысты келіссөздерді қайта жандандыру қажеттігін атап өтті.
«Біз ядролық державалар арасында жоғары деңгейдегі диалогты қайта бастау қажет деп санаймыз және ядролық қаруды қолдану қаупін едәуір азайтуға бағытталған көпжақты әрекеттерді күшейтуді қолдаймыз. Біз әскери көзқарастан арылу үшін күрделі әрі ұзақ жұмысқа кірісуіміз керек. Мұны елдердің соғысқа емес, бейбітшілікке қанша қаржы бөліп отырғанын бақылау арқылы да көруге болады», деді Қасым Жомарт Тоқаев.
Орталық Азиядағы орнықты даму
2025 жылы Қазақстан халықаралық деңгейде тағы бір маңызды бастаманы іске асырды. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының орнықты даму мақсаттары бойынша Өңірлік орталық құру мәселесі болды. Бұл орталық Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Алматы қаласында ашылатын болып белгіленді. 4 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен ұсынылған тиісті қарарды бірауыздан қабылдады.
Бұл шешім Қазақстанның өңірлік саясаттағы орнын айқындай түсті. Өңірлік орталық орнықты даму мақсаттары бойынша жобаларды үйлестіретін, елдер арасындағы ынтымақтастықты күшейтетін негізгі алаңға айналуы тиіс. Сонымен қатар ол Ауғанстанмен байланысты жобаларға да ерекше назар аударады. Осы арқылы Қазақстан Орталық Азиядағы орнықты даму хабы ретіндегі мәртебесін нығайтты.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Орталық Азияның әлеуетіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, өңір елдері халықаралық қауымдастықта әлдеқайда белсенді рөл атқара алады.
«Орталық Азия халықаралық қоғамдастықтың ұйысқан әрі дербес бөлігі ретінде жаһандық даму үдерістеріне елеулі үлес қоса алады. Қуантатыны сол, өңірдегі экономикалық белсенділік артып келеді. Соңғы 5 жылда ішкі аймақтық тауар айналымы 2 есе өсіп, 10 миллиард долларға жетті. Біздің өңірлік күн тәртібімізде Ауғанстан бар. Ол тұрақты, дамыған мемлекетке және сенімді сауда әріптесіне айналуы қажет», деді Президент.
Экологиялық саммит
2025 жылы Қазақстан көтерген маңызды бастамалардың бірі өңірлік экологиялық саммит өткізу туралы ұсыныс болды. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев 2026 жылы Қазақстанда аймақтық деңгейдегі экологиялық саммит ұйымдастыру қажет екенін айта отырып ұсынды. Ұсыныс БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен бірге Алматыдағы орнықты даму мақсаттары орталығына жасаған бірлескен сапар барысында 3 және 4 тамыз күндері жария етілді.
Президент бұл бастаманы кездейсоқ көтерген жоқ. Соңғы жылдары климаттың өзгеруі, су тапшылығы және экологиялық қауіптер Орталық Азия елдері үшін ортақ әрі өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты Қазақстан өңір елдерін бір алаңға жинап, ортақ шешімдер қабылдайтын диалог қажет екенін көрсетті.
БҰҰ мен өңірлік сарапшылардың бағалауынша, бұл саммит Орталық Азия елдерінің климаттың өзгеруіне қатысты ұстанымдарын үйлестіруге мүмкіндік береді. Саммит аясында су ресурстарын басқару, жасыл энергетиканы дамыту және экологиялық қауіпсіздікті күшейту мәселелері кеңінен талқылануы тиіс. Бұл диалогқа халықаралық қаржы институттарының да белсенді қатысуы көзделіп отыр.
Қазақстан ұсынған нақты қадамдар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық алаңдарда жоғары технологиялар мен цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты күшейту қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті. Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің дамуы бүгінгі таңда басқа стратегиялық салалардың барлығынан алда келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 трлн долларға жетуі мүмкін, ал бұл сала әлемдік технологиялық индустрияның 30 пайызына дейін үлес алады.
Президент бұл үрдіске Қазақстан да белсенді түрде қатысуы тиіс екенін ашық жеткізді. Ол Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында жасанды интеллект саласын бірлесіп дамытуға болатынын айтты.
«Бұл саладағы ілгерілеу айқын көрініп отыр, ол басқа стратегиялық бағыттардың дамуынан озық тұр. Шанхай ынтымақтастық ұйымы жасанды интеллектті жедел дамытуда әлемдік көшбасшы бола алады деп сенемін. Сондықтан Қытай тарапы ұсынған жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Жаһандық ұйым құру бастамасын қолдаймыз және осы аса маңызды іске өз үлесімізді қосуға дайынбыз», деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент цифрлық күн тәртібі тек технологиямен шектелмеуі керек екенін де айтты. Оның пікірінше, «ақылды шешімдер» нақты экономика секторына, денсаулық сақтау жүйесіне, көлік пен логистика саласына, сондай-ақ қалаларды басқару жүйесіне кеңінен енгізілуі тиіс. Бұл бағыттағы тиімді ынтымақтастық елдердің дамуына тікелей әсер етеді.
Осы ойды нақты іске айналдыру үшін Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде жасанды интеллект бойынша Сарапшылар форумын құруды ұсынды. Бұл форум ұйымға мүше мемлекеттерде тұрақты түрде өткізіліп, тәжірибе алмасуға және ортақ шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қазақстан экология мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Ел Каспий мен Арал теңізін сақтап қалу үшін күш біріктіру бастамасын көтерді. Ресейдің Манжерок қаласында өткен алғашқы Халықаралық экологиялық конференцияда Каспий теңізінің тартылу мәселесі ашық көтерілді. Ал Астанада өткен Аралды құтқару халықаралық қоры басқармасының екінші отырысында 26 наурызды Арал теңізі, Әмудария мен Сырдария өзендерінің халықаралық күні деп жариялау туралы шешім қабылданды.
Бұл бастамалар Қазақстанның халықаралық саясаттағы ұстанымын айқын көрсетеді. Ел цифрлық даму мен экологиялық жауапкершілікті қатар алып жүруді ұсына отырып, болашаққа бағытталған теңгерімді саясат жүргізіп отыр.
2025 жылғы басты сыртқы саяси оқиғалар
2025 жыл Қазақстан үшін халықаралық деңгейде айрықша белсенді кезең болды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен бірқатар ірі саммиттер мен жаһандық алаңдардағы сөздер Қазақстанның сыртқы саясаттағы бағытын айқындап берді. Бұл кездесулер елдің өңірлік те, жаһандық та үдерістерге тікелей араласып отырғанын көрсетті.
Қарашаның 6 күні Вашингтон қаласында өткен Орталық Азия-АҚШ форматындағы C5+1 саммиті сол жылдың ең маңызды сыртқы саяси оқиғаларының бірі болды. Ақ үйде ұйымдастырылған бұл кездесу Орталық Азия елдері басшыларының қатысуымен өткен екінші президенттік саммит ретінде тарихта қалды. Кездесу барысында тараптар стратегиялық маңызы бар бірнеше бағыт бойынша ортақ келісімге келді. Атап айтқанда, аса маңызды минералдар саласындағы әріптестік, инфрақұрылымды дамыту және жасанды интеллект бағытындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бұл саммит Қазақстанның АҚШ және өңір елдерімен тең әріптестік орнатуға ұмтылатынын көрсетті.
Маусымның 17 күні Астанада өткен Орталық Азия-Қытай екінші саммиті де халықаралық күн тәртібіндегі маңызды оқиға болды. Кездесу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп, Қытай және Орталық Азияның 5 мемлекеті басшыларының басын қосты. Саммит қорытындысында Астана декларациясы қабылданып, Қытай мен өңір елдері арасында мәңгі тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. Құжаттар энергетика, көлік және цифрлық даму салаларындағы өзара ықпалдастықты тереңдетуді көздейді. Бұл келісімдер Қазақстанның қытайлық бастамалармен ұштасқан өңірлік серіктестіктегі негізгі хаб ретіндегі рөлін күшейтті.
Қыркүйектің 23 күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 80 сессиясында сөз сөйледі. Бұл сөз Қазақстанның жаһандық саясаттағы ұстанымын ашық көрсеткен маңызды сәт болды. Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесін реформалау, дамушы елдердің өкілдігін кеңейту және бітімгерлік тетіктерді жаңғырту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ядролық қаруды таратпау, азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Президенттің бұл ұстанымы Қазақстанды көпжақты дипломатияны қолдайтын, жауапты әрі сенімді әріптес ретінде көрсетті.
Осы халықаралық алаңдардағы белсенділік Қазақстанның сыртқы саясатта бір бағытқа ғана емес, теңгерімді әрі ашық диалогқа негізделген жолды ұстанатынын аңғартты. Мемлекет басшысы ұсынған бастамалар елдің халықаралық беделін нығайтып қана қоймай, өңірлік тұрақтылық пен жаһандық қауіпсіздікке үлес қосуды мақсат етіп отырғанын айқын көрсетті.
Жаһандық форумдар
2025 жылы Қазақстан Астананың халықаралық деңгейдегі диалог алаңы ретіндегі мәртебесін айқын күшейтті. Бір жылдың ішінде елордада бірнеше ірі жаһандық форум өтіп, саяси, технологиялық және сараптамалық пікірталастардың тоғысқан жеріне айналды. Бұл жиындар Қазақстанның тек аймақтық емес, жаһандық күн тәртібіне де белсенді қатысып отырғанын көрсетті.
2025 жылы өткен «Astana International Forum» 2025 аясында әлемнің әр түкпірінен келген саясаткерлер мен сарапшылар жаһандық қауіпсіздік пен әлемдік басқару жүйесін жаңғырту мәселелерін талқылады. Форумда қазіргі халықаралық тәртіптің өзгеруі, мемлекеттер арасындағы сенім дағдарысы және көпжақты институттардың болашағы кеңінен сөз болды. Бұл алаң Қазақстанның бейтарап әрі ашық пікірталасқа дайын ел екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ал Digital Bridge 2025 форумы аймақ үшін ерекше маңызға ие оқиға болды. Бұл жиын жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуға арналды. Форумда жаңа технологиялардың экономикаға, мемлекеттік басқаруға және қоғам өміріне әсері талқыланды. Астана осы форум арқылы цифрлық болашақ туралы әңгіменің орталығына айналды.
Сол жылы өткен «Astana Think Tank Forum» жетекші сараптамалық орталықтарды бір алаңға жинады. Мұнда қазіргі халықаралық жағдайда орта державалар тұжырымдамасын ілгерілету мәселесі кеңінен талқыланды. Сарапшылар Қазақстан сияқты елдердің әлемдік саясатта тепе теңдік пен диалогты сақтауда маңызды рөл атқара алатынын атап өтті. Осы форумдар Астананың саяси, технологиялық және зияткерлік орталық ретіндегі беделін нығайтты.
Цифрлық бетбұрыс
2025 жылғы қыркүйектің басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады. Жолдау «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттерді шешу» деп аталды. Бұл құжат елдің алдағы даму бағытын айқындаған маңызды саяси мәлімдеме болды.
Президент өз сөзінде цифрлық жаңғыруды жеделдету қажет екенін нақты айтты. Жасанды интеллект енді тек технология саласының мәселесі емес, экономиканың және мемлекеттік басқарудың басты құралына айналуы тиіс екені атап өтілді. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні өнеркәсіпке, қаржы жүйесіне, ауыл шаруашылығына, денсаулық сақтау мен әлеуметтік салаға кеңінен енгізу қажет екенін жеткізді.
Жолдауда мемлекеттік қызметтерді жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Процестерді автоматтандыру, ашықтықты арттыру және азаматтардың нақты сұранысына бейімделу басты міндет ретінде қойылды. Осы арқылы Қазақстан цифрлық мемлекетке қадам басып, технологияны экономикалық өсімнің, әлеуметтік жаңарудың және халықаралық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі қозғаушы күшіне айналдыруды көздеп отыр.
Бұл Жолдау 2025 жылғы ішкі саяси күн тәртібін айқындап қана қойған жоқ. Ол Қазақстанның болашақ дамуы технологиямен тығыз байланысты болатынын, ал жасанды интеллект елдің жаңа даму кезеңіндегі негізгі тірекке айналатынын көрсетті.
Құрылтай
2025 жылы Ақмола облысындағы Бурабай курортты аймағында IV Ұлттық Кұрылтай өтті. Бұл жиын елдің ішкі дамуына қатысты маңызды ойлар айтылған, бағыттар нақтыланған алаң болды. Кұрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің әлеуметтік экономикалық, құқықтық және мәдени саясатының ұзақ мерзімді басымдықтарын айқындап берді. Президент институционалдық тұрақтылықты күшейту мен ұлттық бірегейлікті сақтау ел дамуының негізгі тірегі екенін атап өтті.
Екі күнге созылған талқылауларда заңның үстемдігі, мемлекеттік тілдің орны, діни келісім мен қоғамдық татулық мәселелері кеңінен қозғалды. Азаматтық қоғам институттарын нығайту, қоғам мен билік арасындағы сенімді арттыру туралы пікірлер айтылды.
Парламенттік реформа – билік жүйесін жаңғырту қадамы
2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдау барысында Президент Парламентті реформалау мәселесін қоғамдық талқыға шығаруды ұсынды. Мемлекет басшысы бір палаталы Парламент үлгісіне көшу мүмкіндігін қарастыру қажет екенін айтты. Бұл бастама асығыс шешім емес, кең ауқымды талқылауды талап ететін жүйелі қадам ретінде ұсынылды..
Парламентаризм институты директорының орынбасары Берік Бекжановтың пікірінше, Президенттің бір палаталы Парламентке көшу бастамасы саяси жүйені әлсірету емес, оны жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған қадам болды. Бұл ұсыныс қоғам сұранысына сай жүргізіліп келе жатқан реформалардың заңды жалғасы ретінде бағаланды.
Сарапшы Мемлекет басшысы бұл бастаманы ұсына отырып, парламенттік республикаға көшу мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын нақты айтқанын еске салды. «Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет» қағидаты сақталатыны айқындалды.
1995 жылдан бергі 30 жылда парламентаризм институты толық қалыптасты. Соңғы жылдары заң шығару жұмысының негізгі бөлігі Мәжіліске ауысып, екі палатадағы қайталанатын функциялар заң қабылдау үдерісін баяулатқан. Осы тұрғыдан бір палаталы модель парламент жұмысын ықшамдап, шешім қабылдауды жеделдетті. Әлемдегі 188 елдің 107 сінде бір палаталы парламент бар. Парламент құрылымын оңтайландыру бюджет шығынын 35-40 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік беріп, жыл сайын 8-10 млрд теңге үнемдеуге жол ашты», дейді сарапшы.
Кассациялық соттар – сот жүйесіндегі жаңа кезең
2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда кассациялық соттар жұмысын бастады. Бұл сот жүйесіндегі жаңа саты болып саналады. Кассациялық инстанциялар қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке жеке сот ретінде құрылды.
Бұл өзгерістің басты мақсаты – әділ сотқа қолжетімділікті арттыру және Жоғарғы Соттың жүктемесін азайту. Сонымен бірге сот шешімдерінің сапасын көтеру көзделді. Нәтижесінде сот жүйесінің тиімділігі артып, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейе түсті.
Алғашқы АЭС
2025 жылы Қазақстанда алғашқы атом электр стансасын салу жөніндегі шешім нақты кезеңге өтті. Халықаралық ашық әрі бәсекелі іріктеу нәтижесінде халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде Росатом мемлекеттік корпорациясы таңдалды.
Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлкен кентінде инженерлік іздестіру жұмыстары басталды. Бұл болашақ нысанның қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз ететін маңызды кезең саналады. АЭС жобасы елдің энергетикалық қауіпсіздігін ұзақ мерзімге нығайтуға бағытталған.
Биылғы 17 желтоқсанда Ақордада өткен салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлем қазір түбегейлі өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отырғанын айтты. Президенттің айтуынша, атом электр стансасын салу туралы қабылданған шешім стратегиялық мәнге ие болды. Бұл қадам елдің энергетикалық келбетін түбегейлі өзгертіп, ұлттық экономиканы жаңа бағытқа бұрды.
«Балқаш атом электр стансасының, одан кейін екінші атом стансасының салынуы Қазақстанның энергетикалық әлеуетін күшейтеді. Сонымен қатар ядролық энергетика сияқты маңызды салада жаңа құзыреттердің қалыптасуына жол ашады. Энергетикалық картада атом стансаларының пайда болуы еліміздің сапалық тұрғыдан мүлде жаңа экономикалық деңгейге көтерілгенін білдіреді», деді Мемлекет басшысы.
Alatau City – жаңа экономиканың бастауы
2025 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Алматы облысындағы Алатау қаласына арнайы әлеуметтік экономикалық даму аймағы мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім Алатауды іскерлік белсенділік пен инновацияның жаңа орталығы ретінде дамытуға жол ашты.
Жаңа мәртебе қаланы өңірлік экономиканың локомотивіне айналдыруды көздейді. Инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру арқылы Алатау Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлес қоспақ.
Алматы облысында еліміздегі алғашқы цифрлық қала – Alatau City құрылысы басталды. Қала аумағында 18 ірі жоба қолға алынды. Олардың қатарында құны 81 млрд теңге болатын PepsiCo зауыты мен 43 млрд теңгелік Eastcomtrans логистикалық орталығы болды. Бұл жобалар жүздеген жаңа жұмыс орнын ашып, аймақ экономикасына нақты серпін берді. Жаңа қаланың алғашқы ірі нысандарының бірі K-park мәдени әрі іскерлік орталығы болды. Жобаға шамамен 20 млн доллар жеке инвестиция салынды. Аумағы 10 гектарды қамтыған бұл кешен жылына 3,5 млн адамға дейін қабылдай алады деп жоспарланды.
Alatau City тек өндіріс пен логистикаға емес, цифрлық технологияларға негізделді. Қалада Smart City жүйесі енгізіліп, барлық қызмет бірыңғай цифрлық платформа арқылы басқарылуы көзделді. Болашақта криптовалютамен есеп айырысу мүмкіндігі де қарастырылды.
Бас жоспар бойынша қала 4 ірі ауданға бөлінді. Gate District қаржы мен бизнеске арналды. Golden District білім, медицина және спорт аймағы ретінде жоспарланды. Growing District индустриялық және логистикалық орталық болды, мұнда жылына 40 млн жолаушы қабылдайтын халықаралық әуежай салу көзделді. Green District демалыс пен туризмге бағытталды. Инфрақұрылым да қатар дамыды. 3 LRT желісі салынуы тиіс болды. Болашақта тәулігіне 200 мың адам тасымалдау жоспарланды. 2050 жылға қарай 100-ден астам мектеп ашу көзделді. Құрылыс барысында ресурсты үнемдейтін технологиялар қолданылды.
Жобаға халықаралық тәжірибе де тартылды. Сингапурлық урбанист Вонг Хеанг Файн бас кеңесші ретінде жұмысқа кірісті. Оның айтуынша, Alatau City деректерге негізделіп салынды, барлық басқару үдерісі цифрлық форматта жүргізілуі тиіс еді.
«Бұл жоба инвесторлар үшін түсінікті ережелері бар, ашық әрі қауіпсіз орта қалыптастырады. Әкімшілік рәсімдер толық цифрландырылып, шығын азайтылады. Қала дрон логистикасы, жасанды интеллект, автономды көлік сияқты жаңа салалардың орталығына айнала алады», деді ол.
Соңғы жаңалықтар