«25 млн теңгені қайтар!»: Бишімбаевтың анасы бұрынғы келінін сотқа берді

06.08.2026 08:17 Әсел МҰРАТ
«25 млн теңгені қайтар!»: Бишімбаевтың анасы бұрынғы келінін сотқа берді
380
Фото: ашық дереккөз

Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың экс-жұбайы Назым Қахарман бұрынғы енесінің өзіне қарсы сотқа талап-арыз бергенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Айтуынша, соңғы екі жыл ішінде Бишімбаевтар әулеті тарапынан өзіне қарсы берілген бұл – төртінші талап-арыз. Алайда бұрынғы енесі алғаш рет сотқа жүгініп отыр.

Назым Қахарманның сөзінше, дау 2011 жылдан бері өзі басқарып келген фитнес-клубқа байланысты туындаған.

«Екінші балам дүниеге келгеннен кейін кәсіппен айналыса бастадым. Ол кезде: «Мына ғимаратты пайдалан, өзіңе қалай ыңғайлы болса, солай жұмыс істе» деген болатын. Біз бір отбасы болғандықтан, олардың адалдығына күмән келтірмедім. Сондықтан сенімгерлік басқару туралы келісімге еш ойланбастан қол қойдым. Алайда арада жылдар өткен соң дәл осы келісім негізінде менен ақша өндіріп алуды талап етіп отыр», – деді ол.

Оның пікірінше, сенімгерлік басқару туралы шарт болашақта үлкен құқықтық тәуекелге әкелуі мүмкін.

«Егер жұбайыңызбен, енеңізбен немесе оның туыстарымен осындай келісім арқылы жұмыс істеп жүрсеңіз, абай болған жөн. Ертең олар сотқа жүгініп, сол кәсіптен тапқан табысыңыздың бәріне талап қоюы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда, тіпті символикалық сома болса да, міндетті түрде жалдау шартын рәсімдеңіз», – деп кеңес берді Назым Қахарман.

Сонымен қатар ол Қуандық Бишімбаевтың өткен жылдың қысында ортақ үш баласының шетелге шығуына шектеу қою және балалармен кездесу тәртібін белгілеу туралы берген талап-арыздарын кері қайтарып алғанын айтты.

Назым Қахарман енді өзі де сотқа жүгінуге ниетті екенін жеткізді.

«Мен де тепе-теңдік үшін сотқа талап-арыз беремін. Себебі алимент келісімде көрсетілген мөлшерде толық төленген жоқ», – деді ол.

Айта кетейік, Назым Қахарманның айтуынша, бұрынғы енесі өзінен шамамен 25 миллион теңге өндіріп алуды талап етіп отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий