«3 сағат қана ұйықтайтынбыз, қазіргі жастар тез шаршайды»: Меруерт Өтекешева жастарды сынады
Өнер академиясында ұстаздық ететін Меруерт Өтекешева бүгінгі буын мен өзінің жастық шағын салыстырып, қазіргі жастардың күш-қуатының аздығына қынжылысын білдірді. Бұл туралы ол «Время» газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Актриса студенттердің сабаққа құлықсыздығы мен бойкүйездігіне кейде ашуланатынын жасырмады.
«Студенттерімнің ұйқыны жақсы көретініне жыным келеді. Мен өзімнің 17-18 жастағы кезімді жақсы білемін ғой. Біз таңғы 8-де сабаққа баратынбыз, бар болғаны үш сағат қана ұйықтап, соған қанағаттанатынбыз. Таңертең ұшып тұрып, бутербродты асап алып жүгіретінбіз. Оның үстіне 2-курста тұрмысқа шықтым, оқумен қатар киноға да түстім. Біздің буынның ішкі энергиясы мықты болған сияқты, ал қазіргі жастар тым тез шаршап қалады» деді өнер иесі.
Өнер қайраткері марқұм жары екеуі театр өнеріне бар болмысымен берілгенін жеткізді.
«Мен де, марқұм жұбайым Құман Тастанбеков те театрсыз өмір сүре алмайтынбыз, тіпті тыныс та ала алмайтын едік! Маған ұнаған рөл болса, біреудің тағайындағанын күтіп отырмай, өзім дайындалып, көркемдік кеңеске ұсынатынмын. Ал киноға тек жақсы рөл немесе театрда ойналмаған ерекше мінез бұйырса ғана баратынбыз. Құпия болсын, мен дәл қазір де киноға түсуге дайынмын, күш-қуатым толық жетеді» деді ол.
Соңғы жаңалықтар