"4 бала сүйгім келеді". Бота Миа неліктен аналық жасушаларын қатырғанын түсіндірді

21.09.2026 13:28 Томирис САҒЫНДЫҚ
92
Фото: instagram.com/bota_mia

Блогер Бота Миа репродуктивті денсаулықты сақтау және аналық жасушаларды қатыру процедурасынан өткенін мәлімдеді. Ол бұл қадамға не себепті барғанын және ана атанғысы келетін әйелдер үшін репродуктивті медицинаның маңыздылығын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Бота Миа НТК арнасының «Не дейді?» бағдарламасында айтып берді.

Бота Миа жас ұлғайған сайын әйел ағзасындағы аналық жасушалардың азаюы мен сапасының төмендеуі табиғи процесс екенін атап өтті.

«Бұл – еріккеннің ісі емес. Бұл – менің болашағыма салған инвестициям, белгілі бір деңгейдегі қауіпсіздік қорым десем де болады. Өйткені қыз баланың жасы ұлғайған сайын аналық жасушаларының сапасы мен саны өзгереді. Мысалы, 19 бен 25 жас аралығында қыздың ағзасы мен терісі қандай жас әрі әжімсіз болса, аналық жасушалары да сондай жас әрі сапалы болады. Ал уақыт өте келе, 5-10 жылда бұл жасушалар азая береді. Онымен бірге бала көтеру мүмкіндігі де төмендейді. Жас кезде айына 20-30 аналық жасуша бөлінсе, 5 жылдан кейін 10, кейін 5, ал бара-бара 1-2-еуі ғана бөлінуі мүмкін. Ал ол аз мөлшермен бала көтеру-көтермеу мүмкіндігі белгісіз болып қалады», – деді Бота Миа.

Сондай-ақ ол бұған дейін бастан өткерген отасынан кейін гормоналды көрсеткіштерінің төмендегенін және мұндай медициналық шешімнің болашақта отбасын құру жоспарымен тығыз байланысты екенін жеткізді.

«Бұған қоса, менде киста болып, оны алдырғаннан кейін АМГ (антимюллерлік гормон) деңгейі, яғни бала көтеруге жауап беретін гормондарым өте төмендеп кетті. Қазір тұрмысқа шығатын адамым да жоқ. Сол себепті, егер 3-4 жылдан кейін тұрмысқа шыққанда аналық жасушаларым таусылып қалса, қазір қатырып қойған жасушаларым сенімді болады. Болашақта өз жартыммен ЭКО әдісі арқылы бала сүйе аламын. Менің 2-3, тіпті 4 балалы болғым келеді. Кейін 40-45 жаста ағзамда аналық жасушалар қалмаған кезде де, клиникаға хабарласып: «Аналық жасушаларым дайын ба? Дайын болса, бала көтерейік» дей аламын. Осы шешімге келуімнің себебі – осы», – деді Бота Миа.

Войдите, чтобы оставить комментарий