Тимур Балымбетов: Мен – маскүнем әкенің қолында өскен баламын

21.09.2026 12:55 Томирис САҒЫНДЫҚ
Тимур Балымбетов: Мен – маскүнем әкенің қолында өскен баламын
120
Фото: видеодан скриншот

Танымал продюсер әрі журналист Тимур Балымбетов бала тәрбиесі, қазіргі ақпараттық ортаның қауіптері мен балалардың гаджетке тәуелділігі мәселесі бойынша өз пікірін білдірді. Ол өз балалық шағындағы жауапкершілік пен бүгінгі ұрпақтың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін салыстыра отырып, ата-аналарға арналған нақты кеңестерін бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Тимур Балымбетов «Отец» подкастында әңгімеледі.

Тимур Балымбетов өз балалық шағындағы қиындықтар мен жүктелген жауапкершілік туралы айта келе, бүгінгі ата-аналардың балаларын шамадан тыс оқшаулап, бақылауда ұстайтынын атап өтті.

«Мен – маскүнем әкенің қолында өскен баламын... Яғни, мен 1982 жылы дүниеге келдім, өтпелі де қиын кезең еді: әкем ішеді, анам – мұғалім, ақша жоқ, артымнан ерген інім бар... Өзім үлкен бала болғандықтан, маған өте үлкен жауапкершілік жүктелгені түсінікті еді. Мен мүлдем түсінбеймін: міне, биыл балам 5 жасқа толады... Ал біз кезінде 6 жасымызда қала ішінде толықтай өз бетімізбен жүре беретінбіз, мектепке де өзіміз баратынбыз. Ал қазір біз балаларымызды барлық нәрседен шектеп, оқшаулап ұстаймыз...» – деді Тимур Балымбетов.

Медиаөкілі қазіргі қоғамда шынайы өмір қауіпсіз болғанымен, виртуалды әлемдегі қауіп-қатердің артқанын ескертеді. Оның айтуынша, балалық шақтың деструктивті контентпен алмасуы – ірі технологиялық компаниялардың коммерциялық мүддесінің салдары.

«Екінші жағынан, барлық зерттеулерге сүйенсек, қазіргі әлем бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз бола түсті, бірақ интернет пен әлеуметтік желілер түріндегі үлкен қауіп пайда болды, өйткені онда балалар қауіпсіздікте емес. Ал біз оларды ешқандай күмәнсіз әрі қуана-қуана сол әлемге жібере саламыз. Бұл – өте үлкен теңсіздік: біз көшедегі балалық шақты онлайн балалық шаққа айырбастап жібердік. Балаларымыздың балалық шағын ірі технологиялық компанияларға беріп қойдық, ал оларға баланың болашағы маңызды емес, оларға балалардың видео көріп, жарнама қарағаны ғана керек. Негізі, көптеген ата-ана TikTok пен Instagram-ға тыйым салып: «Ұзақ форматты видеолар бар, YouTube қара» деп жатады. Бірақ балалар YouTube Shorts-қа салынған дәл сол қысқа видеоларды да солай көре береді. Дегенмен, YouTube Shorts-ты бұғаттап тастауға болады, яғни қосымшадағы Shorts бөлімін балаларға жауып қойып, тек ұзақ форматтағы видеоларды қарауға мүмкіндік беруге болады», – деді Тимур Балымбетов.

Тимур Балымбетов өз отбасындағы экран уақытын шектеу тәжірибесін бөлісті. Ол балалардың психологиялық әрі эмоциялық дамуына оң әсер ететін, мұқият таңдалған сапалы анимациялық туындыларды ұсынды.

«Менің балаларымда телефон жоқ, олар телефоннан ештеңе қарамайды. Демалыс күндері мультфильм көреді, кейде апта ортасында да біз таңдап, тексеріп берген мультфильмдерді шектеулі уақыт ішінде қарауға рұқсат береміз. Олар өз бетінше ештеңе баспайды да, таңдамайды да... Айтпақшы, Apple TV-де «Тихая вода» («Баяу су») деген өте керемет сериал бар. Ол – панда мен ұл баланың достығы туралы өте сабырлы, әдемі мультфильм, ол балаларға эмоцияны түсінуді үйретеді. Мультфильмде жаман немесе жақсы эмоцияның болмайтынын, олардың тек сезім ретінде бар екенін және соны ажырата білу керектігін түсіндіреді. Ал кішірек балалар үшін «Блюи» мультфильмі өте тамаша. «Блюи» – иттер отбасы, яғни анасы, әкесі және екі қарындасы туралы. Өте күлкілі, әдемі салынған, онда өзара қарым-қатынас пен алғашқы түсініспеушіліктерді шешу жолдары өте жақсы көрсетілген», – деді Тимур Балымбетов.

Войдите, чтобы оставить комментарий