Айыппұл үкімі жойылды: Шымкенттегі балаға қатысты іс бойынша прокурор 8 жыл сұрады
Шымкентте 8 жастағы қызға жыныстық сипаттағы әрекет жасады деп айыпталған 56 жастағы ер адамның ісі бойынша сот жарыссөзі аяқталды. Прокурор айыпталушыны 8 жылға соттауды сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.
НеМолчиKZ қорының хабарлауынша, жәбірленуші тараптың адвокаттары қатаңырақ жаза талап етіп отыр. Олар ер адамды 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Оқиға 28 сәуір күні таңғы сағат 9 шамасында Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісінде болған. Іс материалдары мен бейнебақылау камерасындағы жазбаға сәйкес, ер адам лифтіден қызбен бірге шыққан.
Айыптау дерегінде оның баланы ұстап, құшақтап, денесіне қол тигізіп, сүйгені көрсетілген. Кейін қызды өз пәтері жаққа күштеп апаруға әрекеттенген.
Сондай-ақ ер адам балаға тәтті ұсынып, өзіне тартпақ болған. Қыз оның қолынан босап шығып, үйіне қашып үлгерген.
Оқиғадан кейін қыздың анасы полицияға шағымданды. Тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады.
Бірінші сатыдағы сот ер адамның жұмыссыз әрі II топтағы мүгедек екенін ескеріп, оған айыппұл тағайындаған. Сондай-ақ аталған бап бойынша қамауға алу жазасының қолданылуы 2027 жылға дейін тоқтатылғаны негізге алынған.
Сот айыпталушының шын өкінгенін де ескерген. Қамауда отырған мерзімі шегерілген соң, 50 АЕК көлеміндегі айыппұл 216 250 теңгеден 147 мың теңгеге дейін азайтылған.
Кейін апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойды. Іс қосымша тергеуге жіберілді.
Қазір сотта оның ісі ҚР ҚК-нің 121-1-бабына (16 жасқа толмаған адамға сексуалдық сипатта тиісу) ауыстырылып, оған осы бап бойынша айып тағылуда.
НеМолчиKZ қорының хабарлауынша, сот бұл іс бойынша түпкілікті шешімді жақын уақытта жариялауы керек.
Соңғы жаңалықтар