473 жұмысшының еңбегі еленді: Тоқаев мемлекеттік награда берді

473 жұмысшының еңбегі еленді: Тоқаев мемлекеттік награда берді
Фото: Ақорда

Республика күні қарсаңында 473 жұмысшы, 129 еңбек ардагері, 200-ден астам кәсіпкер мемлекеттік наградаға ие болды. Марапатталғандардың қатарында белгілі актерлер, әншілер, ғалымдар, дәрігерлер мен ұстаздар да бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Politico.kz Ақордаға сілтемемен.

Мемлекет басшысының Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан азаматтар марапатталды.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы Ә. Доспановқа берілді.

Ал белгілі композитор, «Музарт» тобының Қазақстанда және шетелде танылуына ерекше үлес қосқан А. Қоразбаев «Отан» орденімен марапатталды.

І дәрежелі «Барыс» ордені «TNS-group» концернінің президенті Т. Жұмағұлов пен актер Н. Ықтымбаевқа бұйырды.

ІІ дәрежелі «Барыс» орденін білім саласының ардагері Е. Мәмбетқазиев пен Қазақстан альпинизм және тауға өрмелеу федерациясының вице-президенті Қ. Уәлиев алды. Ал ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен «Ново-Приречное» ЖШС директоры В. Тюркин, Ақтөбе облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы С. Шаңғұтов және басқа да азаматтар марапатталды.

«Парасат» орденін алғандардың арасында «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д. Жұмбеков, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Н. Уәли, археолог А. Подушкин, Қарағанды медицина университетінің профессоры М. Түсіпбекова және «Радуга» ЖШС бас директоры Д. Шарапаев бар.

«Құрмет» ордені де түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтарға берілді. Олардың қатарында «Өзенмұнайгаз» АҚ кран машинисі Б. Досқарин, Қарағанды облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі Е. Кальмбах, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Астық-STEM» ЖШС бас агрономы Т. Хамидуллин бар.

Сондай-ақ бұл орденмен «Здоровая Азия» онкологиялық ауруларды қолдау қорының негізін қалаушы Н. Плохих, Қызылорда облысындағы «Қамқорлық» оңалту орталығының басшысы А. Мұсафирова, Атырау облысының су шаруашылығы ардагері Н. Қонас және Ақтөбе облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігері Б. Медетбаев марапатталды.

«Ел бірлігі» ордені ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосқан төрт азаматқа табысталды. Олар – Алматыдағы Түрікмен қоғамдық-мәдени орталығының құрметті төрағасы Г. Аннакулиева, Қарағанды облысындағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы У. Джанаев, Қазақстан немістерінің «Возрождение» қоғамдық қорының атқарушы директоры Д. Редлер және «Tamos Space School» мектебінің мұғалімі Д. Ромащенко.

Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндіріс салаларының еңбеккерлері ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.

Мәдениет саласының өкілдері Б. Бәймен, Т. Мүсілім, П. Палтаев, М. Сайланбек, А. Темкина және басқа да азаматтарға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.

Ал Н. Каранда, К. Мәжитова, Е. Омарханов пен Н. Сафиуллина «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанды.

Өнер қайраткерлері Т. Мұсабаев пен Н. Өтеуловке «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді.

Медицина саласының бірқатар өкілі де құрметті атаққа ие болды. Олардың арасында Т. Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің профессоры Т. Таркина бар. Ол «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атанды.

Әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдері де марапаттан тыс қалған жоқ. Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі, ұлттық қауіпсіздікті нығайтудағы ерлігі мен жанқиярлығы үшін оларға І және ІІ дәрежелі «Даңқ», І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендері, сондай-ақ «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдары берілді.

Президент Жарлығымен барлығы 129 еңбек ардагері, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардың 473 жұмысшысы, шағын және орта бизнестің 200-ден астам өкілі, 150-ден аса педагог пен ғалым, 120-ға жуық медицина қызметкері мемлекеттік наградаға ие болды. Бұлардан бөлек, күнделікті еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген өзге де азаматтар марапатталды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу