Тоқаев Әбдірашит Доспановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді

Тоқаев Әбдірашит Доспановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді
Фото: Ақорда

Жалпы еңбек өтілі 300 жылға жуықтайтын металлургтер әулетінің өкілі Әбдірашит Доспанов еліміздің ең жоғары марапаттарының біріне ие болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысы 22 қазанда тиісті Жарлыққа қол қойды. Жарлықта «Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспановтың өндірістегі аса үздік еңбегі атап өтілген.

Президент Жарлығына сәйкес, металлургке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен бірге Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылады.

Айта кетейік, Әбдірашит Доспановтың отбасы да металлургия саласымен тығыз байланысты. 2022 жылы БАҚ оның жұбайы Бибігүл екеуі жалпы еңбек өтілі 300 жылға жуықтайтын металлургтер әулетінің басында тұрғанын жазған.

Әкесі Қойшыбек Доспанов Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген металлургі болған.

Әбдірашит Доспановтың өзі Қарсақпайда дүниеге келген. Жезқазғанда білім алып, кейін зауытқа жұмысқа орналасқан. 2022 жылы ол туралы материал жарияланған кезде еңбек өтілі 38 жылға жеткен еді.

Ол бұған дейін «Еңбек Даңқы» орденінің толық иегері атанған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу