«750 мың теңгеге той жасаған»: жас жұбайлар банкет орнына саяхаттап, үй алған
«Қазақстан» телеарнасының «1001 түн» бағдарламасында жас жұбайлар Кенжебек Зұлқарнаев пен Айдана Хожанова өздерінің шағын әрі үнемді форматта өткен тойлары туралы айтып берді. Олар небәрі 750 мың теңгеге той жасау кімнің идеясы болғанын ашық айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Олар той жасаудың орнына саяхаттауды және үй алуды жөн көрген.
Айдананың айтуынша, бұл шешім олар жүріп жүрген кезде-ақ ортақ келісіммен қабылданған. Болашақ жұбайлар дүркіреген той жасаудың орнына қарапайымдылықты таңдауды жөн көрген.
«Күйеуім екеуміз қыз бен жігіт болып жүргенде отбасын құру жайлы талқыладық. Сол кезде үлкен той жасамаймыз деп келістік. Дүркіретіп той жасағымыз келмеді. Өзім көпбалалы отбасыдан шықтым. Аға-әпкелерімнің тойын көріп өстім. Ата-анамның ұят деп қиналған сәттері болды. Сондықтан ондай тойды жасағым келген жоқ», - дейді Айдана Хожанова.
Ол ұзату тойынан да бас тартқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл да артық шығынға әкелетін рәсім деп есептеген.
«Ұзату тойын өткізуді қажет деп таппадым. Сырға салу рәсіміне тек ең жақын деген 11 адам ғана қатысты», – деді ол.
Кенжебек Зұлқарнаев та жұбайының пікірін қолдайтынын, үлкен тойлар ұнамайтынын айтты.
«Тойды үйде өткіздік. Барлығы 40-50 шақты қонақ шақырылды. Артық шығындалмағанымыздың арқасында жиналған қаржыны маңызды мақсаттарға жұмсадық. Саяхатқа шықтық, ипотеканың алғашқы жарнасына көбірек ақша салдық. Сонымен қатар күнделікті өмірімізге қажет әрі өзімізге қуаныш сыйлайтын дүниелерді алдық», – дейді отағасы.
Соңғы жаңалықтар