Абай облысында 13 жастағы жасөспірім іздестіріліп жатыр

Абай облысында 13 жастағы жасөспірім іздестіріліп жатыр
10.04.2025 14:14
0
57
Абай облысы ПД

10 сәуірге қараған түні Абай облысы, Маканчи ауылында 2011 жылы туған жасөспірім Қайсар Қайратұлының жоғалып кеткені туралы ақпарат әлеуметтік желі мен жаңалықтар кеңістігінде алаңдаушылық тудырды, деп хабарлайды  POLITICO.KZ.

Turkystan.kz таратқан мәліметке сәйкес, жасөспірімнің әкесі аудандық полиция бөліміне жүгініп, ұлының 9 сәуір күні түстен кейін сағат 14:30 шамасында жасыл түсті электрлі самокатпен үйден шығып, еркін күрес секциясына бағыт алғанын хабарлаған. Алайда сол уақыттан бері оның қайда екені белгісіз.

Оқиға туралы хабар түскен бойда Маканчи аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылып, арнайы іздеу топтары құрылды. Жергілікті мұғалімдер, ауыл тұрғындары мен әкімдік өкілдері де іздеу жұмыстарына белсенді түрде қатысып жатыр. Қоғам тарапынан бірлік пен жанашырлық танытылып, жоғалған баланы аман-есен табуға үміт артылуда.

Абай облыстық полиция департаменті тұрғындарға үндеу жасап, Қайсар Қайратұлының жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат болған жағдайда 102 нөміріне немесе ең жақын полиция бөліміне хабарласуды сұрайды. Қазіргі таңда жасөспірімді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жағдай ата-аналар мен қоғамның бала қауіпсіздігіне деген назарын арттыра түсуде.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий