Абылай Мырзахметов бостандыққа шықты

28.07.2026 14:42 Әсел МҰРАТ
Абылай Мырзахметов бостандыққа шықты
181
Фото: ашық дереккөз

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметов түрмеден босатылды. Ол бұған дейін аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын, деп хабарлайды Politico.kz.

Абылай Мырзахметов қалай мерзімінен бұрын босатылды?

Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, сот оның жазасын жеңілдетіп, бостандыққа шығару туралы шешімді 2026 жылдың ақпан айында қабылдаған.

Ведомствоның хабарлауынша, жазасын өтеу кезінде Мырзахметов төрт рет көтермеленген. Соңғы рет оған 2025 жылдың қазан айында оң баға берілген.

ҚАЖ департаментінің түсіндіруінше, сотталған азаматтың мінез-құлқы екінші оң дәрежеде бағаланып, жеңілдетілген жағдайда ұсталуы оған жазаның өтелмеген бөлігін жеңілірек жаза түріне ауыстыру туралы сотқа өтініш беруге мүмкіндік берген. Мырзахметов осы заңды мүмкіндікті пайдаланған.

Бұл шешімді Павлодар облыстық соты шығарған. Жазасының өтелмеген бір жылдан астам уақытын ол тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда өткізеді.

Оған бірқатар шектеу қойылған. Атап айтқанда, сотталған азаматқа тұрақты мекенжайын өзгертуге, пробация қызметін хабардар етпей облыс аумағынан тыс жерге шығуға және ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынған.

Абылай Мырзахметов не үшін сотталған?

Абылай Мырзахметов жазасын Павлодар облысындағы №46 мекемеде өтеген. 2025 жылдың көктемінде колония аумағында биг-бэг қаптарын тігетін өндірістік цех іске қосылған.

Сол кезде Бас прокуратураның Telegram-арнасында жарияланған бейнематериалда Мырзахметов колонияда еңбек етіп жүргенін айтқан. Оның сөзінше, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап шағын топтағы сотталғандармен бірге өндіріс ұйымдастырып, инвестор тартып, алты ай ішінде 120 жұмыс орнын ашуға атсалысқан.

Ол сондай-ақ сотталғандардың спорттық киім тігумен қатар, ағаш және металл бұйымдарын дайындағанын айтқан. Өндірістің қажетті құрал-жабдықтары мен жұмыс орындарын кәсіпкерлер ұсынған.

Мырзахметов екі жыл бұрын Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған.

Тергеу материалдарына сәйкес, 2022 жылдың мамыры мен қазаны аралығында ол Б. есімді азаматқа мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы жоғары лауазымды тұлғалар арқылы оның ағасын қамаудан босатып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеуді тоқтатуға көмектесе алатынын айтқан. Бұл үшін ақшалай сыйақы талап еткен.

Сот мәліметінше, Мырзахметов алаяқтық жолмен және қарыз шарттарын формалды түрде рәсімдеу арқылы Б. есімді азаматтың 13,9 млрд теңге көлеміндегі аса ірі сомадағы қаражатын иемденген.

Сот отырысы кезінде айыпталушы өз кінәсін мойындаған. Оның қорғаушылары іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды сұраған.

Абылай Мырзахметов – әр жылдары вице-премьер, Ауыл шаруашылығы министрі қызметтерін атқарған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтің туған інісі.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий