"Адал еңбек етуге кетті": БАӘ-де көз жұмған қазақстандық апалы-сіңлілі қыздардың әпкесі мән-жайды айтып берді

26.08.2026 17:08 Мөлдір ҚАЙНАР
218
Фото: Instagram.com/check_point.kz/

БАӘ-нің Шарджа қаласындағы пәтерлердің бірінен өлі табылған қазақстандық бойжеткендердің әпкесі Меңсұлу Боханова Stan.kz ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, отбасының күдігі мен жағдайдың мән-жайын бөлісті.

Марқұмдар — 19 және 22 жастағы Ақжан мен Жұлдыз Бохановалар. Олар өткен жылдың желтоқсан айында шетелге сұлулық салонында жұмыс істеп, адал нәпақа табу мақсатында аттанған.

«Біздің Астана қаласында да әсемдік салонымыз болған. Сіңлілерім қас, кірпік жасап, тырнақ әрлеуді осы жақта жақсы меңгерген еді. БАӘ-де бет әрлеу саласында жақсы табыс табуға болатынын естіп, екеуі бірге кетті. Құжаттарын реттеп, осы аптада елге қайтамыз деп анамызға қуанып хабарласқан еді, содан кейін байланыс үзілді», — дейді әпкесі.

Туыстары қыздармен соңғы рет 17 тамызда сөйлескен. Кейіннен хабар болмаған соң дабыл қағып, елшілік пен полицияға жүгінген. Бір апта өткенде қос қыздың пәтерде жансыз жатқаны анықталған.

«Біздің болжамымыз бойынша, олар 17 тамыз күні-ақ көз жұмған. Бар мақсатымыз – қос қызғалдақты туған жеріне жеткізіп, жер қойнауына тапсыру. Қазір желіде "пышақтап өлтірген", "күмәнді жұмыс істеген" деген қауесеттер тарап кетті. Бұл — жалған әрі расталмаған ақпарат. Олар БАӘ-ні ең қауіпсіз ел деп таңдаған еді. Егер олар кісі қолынан қаза тапса, кінәлінің жазалануын талап етеміз», — деді Меңсұлу Боханова.

Қазіргі уақытта ҚР Сыртқы істер министрлігі марқұмдардың өлім себебін Біріккен Араб Әмірліктерінің құзырлы органдары анықтап жатқанын мәлімдеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий