«Адамгершіліктің ең төменгі шегі»: Димаш Құдайберген әйелдерге қол көтеретін еркектерді қатаң айыптады

18.08.2026 20:31 Қанат Айбар
«Адамгершіліктің ең төменгі шегі»: Димаш Құдайберген әйелдерге қол көтеретін еркектерді қатаң айыптады
214
Ашық дереккөздерден

Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шығып, әйелдерге қол жұмсайтын еркектерге қатысты пікір білдірді. Өнер иесі Instagram-дағы парақшасында отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбына арналған сурет жариялап, нәзік жандыларға әлімжеттік көрсететіндерге үндеу тастады, деп хабарлайды Politico.kz.

«Әйелді ұрып-соғып, онысын мақтаныш көретіндер, өздеріңді қалай еркекпін деп айтасыңдар?! Егер күштерің тек әйелдерге ғана жетсе, онда сіздер еркек емессіздер — жай ғана хауансыздар. Әйелді қорлап, ұрып-соғып құрметке бөленгісі келу — бұл адамгершіліктің ең төменгі шегі!», — деп жазды әртіс. Жарияланым астына алғашқы сағаттың өзінде 1,8 мыңнан астам пікір жазылып, Димашты қазақстандықтармен қатар шетелдік жанкүйерлері де қолдады.

Әншінің бұл жазбасы Жамбыл облысында 19 жастағы Мадина Авезованың қазасынан кейін қоғамда туындаған үлкен резонанс фонында жарық көрді. Артында 8 айлық баласы қалған бойжеткен өз-өзіне қол жұмсаған. Марқұмның құрбысының айтуынша, бойжеткен өлімінен сәл бұрын күйеуімен жиі керісіп жүргенін және оның өзін соққыға жығатынын айтқан.

Айтылған деректерге сүйенсек, соңғы жанжалдардың бірі балаға сатып алынған «Барни» бисквитіне байланысты туындаған. Мадина оны өзі жеп қойған соң, күйеуі оған қол көтерген. Осыдан кейін бойжеткен заттарын жинап, ажырасуға бел байлаған, бірақ көп ұзамай оның қаза тапқаны белгілі болды. Қазіргі уақытта Жамбыл облысының полициясы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий