Жалған қызметтер мен күмәнді аударымдар: Боқаевқа қатысты сотта прокурор тың деректерді жариялады

Жалған қызметтер мен күмәнді аударымдар: Боқаевқа қатысты сотта прокурор тың деректерді жариялады
Фото: Forbes Kazakhstan

Алматыда Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында прокурор айыптау тарапының уәждерін жариялады, деп хабарлайды Politico.kz сайты Zakon.kz-ке сілтемемен.

Тергеу нұсқасына сәйкес, оған алаяқтық, ақшаны жылыстату, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және жалған ақпарат тарату сияқты бірқатар құқықбұзушылық бойынша айып тағылған.

Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, іс материалдарындағы эпизодтардың бірі «ҚазТрансГаз» компаниясының кәсіподақ қаражатын иемденуге қатысты. Прокурордың мәлімдеуінше, сол кезде компания басшысының кеңесшісі қызметін атқарған Боқаев кәсіподақтың мемлекеттік сатып алу талаптарына бағынбайтынын пайдаланып, қаражатты өзіне қатысы бар компания арқылы шығаруды жоспарлаған.

Айыптау тарапының дерегінше, ол кәсіподаққа түрлі іс-шараларды ұйымдастыру үшін «BM Trust» ЖШС-мен жұмыс істеуді ұсынған. Компанияның іс жүзінде Боқаевқа тиесілі болғаны, алайда кейін оның туысы Мәдиар Қалменовтің атына рәсімделгені айтылды. Прокурор Қалменовті де осы іске қатысы бар тұлғалардың бірі ретінде атады.

Бастапқыда компания Жаңа жылдық корпоративтер мен спорттық жарыстар секілді шараларды ұйымдастырған. Осылайша, айыптау нұсқасы бойынша, кәсіподақ басшылығының сеніміне кіріп, шығындар сметасын егжей-тегжейлі тексермейтінін байқаған.

Прокурордың айтуынша, қаражатты иемденуге қатысты негізгі эпизод 2018 жылдың күзінде болған. Сол уақытта Батыс Қытайдан Батыс Еуропаға дейін газбен жүретін көліктердің халықаралық автосеруенін өткізу жоспарланған. Айыптау тарапының мәліметінше, Боқаев шараның құнын 86,8 миллион теңгеге дейін көтеріп, қызметтерді екі компания арқылы рәсімдеген.

Автосеруенді іс жүзінде ұйымдастыру үшін «We Can» ЖШС-мен 38,9 миллион теңгеге келісімшарт жасалған. Ал кәсіподақ «BM Trust» компаниясымен қосымша 47,9 миллион теңгеге келісімге отырған. Прокурордың пайымдауынша, екінші компанияға аударылған қаражат нақты көрсетілген қызметтерге сәйкес келмеген.

Бұдан бөлек, айыптау тарапы Боқаев қызметтік жағдайын пайдаланып, нақты орындаушы компанияны өзіне қажетті тұлғалардың шоттарына ақша аударуға мәжбүрлегенін мәлімдеді. Қаражаттың бір бөлігі Боқаевтың анасына тиесілі «Kun-Arai» компаниясының шотына, тағы бір бөлігі Мәдиар Қалменовтің жеке шотына түскені айтылды.

Прокурордың сөзінше, кейін бұл қаражаттың бір бөлігі жеке кәсіпкерлікті дамытуға жұмсалған. Атап айтқанда, жиһаз өндірісіне арналған цехтар мен кеңселерді жалға алу, жабдықтар мен компьютерлер сатып алу, қызметкерлердің еңбекақысын төлеу және жарнама шығындарын жабу үшін пайдаланылған. Бұл операциялар бойынша барлығы 19 банктік аударым жасалғаны айтылды.

Сондай-ақ, айыптау тарапының мәліметінше, Мәдиар Қалменов шамамен 10 миллион теңгені қолма-қол шешіп алған. Бұл қаражаттың бір бөлігі әуе билеттері мен қонақүй ақысын төлеуге жұмсалған деген болжам бар.

Мемлекеттік айыптаушының мәлімдеуінше, нәтижесінде күмәнді келісімшарттар мен құжаттарды пайдалану арқылы кәсіподақ қаражатынан 42 миллион теңгеден астам ақша иемденілген.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу