“Есікті бұғаттап, ұрып жіберді”: Алматыда бойжеткен Яндекс Go жүргізушісіне шағымданды

“Есікті бұғаттап, ұрып жіберді”: Алматыда бойжеткен Яндекс Go жүргізушісіне шағымданды
Фото: Politico.kz

Алматыда Ерке есімді бойжеткен такси қызметін пайдалану кезінде жүргізушімен жанжал болғанын айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның мәлімдеуінше, ер адам оған қол көтеріп, көліктің есіктерін бұғаттап қойған. Қыз көліктен шығып кеткеннен кейін де жүргізуші оның соңынан қуғанын айтады.

Бойжеткеннің сөзінше, оқиға сапар барысында басталған. Жүргізуші жол бойы оған дөрекі сөйлеп, балағат сөздер айтқан. Кейін көлікті тоқтатып, жолаушыға күш қолданған көрінеді. Ерке жағдайдан қорқып, көліктен шығып қашуға мәжбүр болғанын жазды.

Оның айтуынша, көлікте сіңлісіне арналған сыйлықтар салынған пакет қалып қойған. Бойжеткен бұл оқиғаға тиісті назар аударылып, жүргізушінің әрекетіне баға берілуін талап етті.

Бойжеткен болған оқиғаға байланысты полицияға арыз жазған. Қазір құқық қорғау органдарының жауабын күтіп отыр.

Ал Яндекс Go баспасөз қызметі жолаушының шағымы бойынша ішкі тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Компания өкілдері мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін атап өтті.

Тексеру аяқталғанша жүргізушіге сервис арқылы тапсырыс қабылдауға уақытша шектеу қойылған. Компания оқиғаның мән-жайын анықтап, тексеру қорытындысына қарай тиісті шешім қабылдайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ сервис құқық қорғау органдары ресми сұрау салған жағдайда қажетті ақпаратты беріп, тергеуге көмектесуге дайын екенін жеткізді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу