"Әділдікке қол жеткізе алмадым": 7-қабаттан құлап қаза тапқан Ақнәрдің анасы Тоқаевтан көмек сұрайды

25.11.2025 13:06 Мөлдір Талғат
0
680
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Ақнәр Гүлстан

22 жастағы Ақнәр Гүлстан Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінің жетінші қабатынан құлап қаза тапқан еді, ал арада бір жарым жыл өтсе де бұл оқиғаға қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Марқұмның анасы Гүлстан Хамитова істің қалай жүріп жатқанын айтып, Антикор тергеуді 25 тамызда бастағанын жеткізді. Оның айтуынша:

“25 тамыздан бастап Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеуді бастады. Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сот-медициналық, психологиялық сараптама жүріп жатыр”, – дейді ол.

Алайда Гүлстан Хамитованың өзі істің бір жарым жылдан бері созылып келе жатқанына таңданысын жасырмады.

“Бұл – резонанс тудырып отырған іс. Оның талқыланып жатқанына да міне 7 ай болды. Үмітім мен күдігім 50-50. Істі Астанаға апарып, комиссия құрып, тағы тергесін деп шағым білдірдім. Себебі Алматы қалалық прокуратурасының табалдырығын тоздырып, жылап-еңіреп жүргеніме 1 жылдан асты. Бұл істен олардың хабары бар ғой. Неліктен тергеу аяқталмай жатыр?”, – деп күйінді ол.

Марқұмның анасы тергеу барысында көптеген ағаттықтар бар екенін айтып, қажет болса халықаралық ұйымдардан көмек сұрайтынын да жеткізді.

“Істе қанша ағаттық бар. Оқиға орнына барған жедел-тергеу тобы, құқық қорғау органы өкілдері мен тергеушілер істі созып, мені шаршатқысы келетін шығар. Алайда мен шаршамаймын, соңына дейін барамын. Құқық қорғау органы өкілдері істің ақ-қарасын шеше алмаса, Халықаралық ұйымдардан көмек сұраймын. Халықаралық сарапшыларды да шақыруға дайынмын”, – дейді ол.

Гүлстан Хамитова әділдікке қол жеткізе алмай жүргенін жеткізіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да үндеу жолдады. Оның сөзінше:

“Қызымның қайтыс болғанына тұп-тура бес жүз күн болды. Осы бес жүз күннен бері әлі әділдікке қол жеткізе алмай келе жатырмын. Үздіксіз шағымдануымның нәтижесінде іс Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеуіне берілді. Десе де әлі де толыққанды шешім шыққан жоқ. Менің жалғыз қызымды өлтіргендер жазаланбай жатыр. Бұл істі жабуға болмайды. Мемлекет басшысы араласып, әділ шешім шығаруға көмектеседі деп әлі де үміттенемін”, – дейді қайғы жұтқан ана.

Ол барлық қиындықтарға қарамастан, әділ шешім шығатынына үмітті екенін атап өтті.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий