«Әділет» партиясы ірі бизнес өкілдерімен бірге Іскерлік кеңес құрды

26.06.2026 13:58 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Әділет» партиясы ірі бизнес өкілдерімен бірге Іскерлік кеңес құрды
63
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Қазақстандағы ірі бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдардың басын қосқан «Әділет» партиясы жаңадан Іскерлік кеңес құрды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Партия төрағасы Айбек Дәдебай бұл бастаманы көлік-логистика саласының өкілдерімен өткен кездесу барысында мәлімдеді. Орталық мемлекеттік органдардың, ірі компаниялар мен салалық бірлестіктердің басшылары қатысқан жиында еліміздің экономикалық өсімінің негізгі бағыттарының бірі саналатын көлік-логистика саласын дамыту мәселелері талқыланды. Төрағаның сөзіне қарағанда мемлекет пен кәсіпкерлер ұдайы байланыста болмайынша экономиканың тұрақты дамуы мүмкін емес, сондықтан жаңа кеңес ортақ шешімдер әзірлейтін тұрақты диалог алаңына айналмақ.

"Біз үшін бизнес – тұтас экономиканың қозғаушы күші. Кәсіпкерлер тәуекелге барып, жаңа іс бастайды, өндіріс ашады, елді алға бастайды. Әрбір кәсіпорын – бұл жаңа жұмыс орындары, отбасылардың табысы, бюджетке түсетін салық деген сөз. Ал сол салықтың есебінен мектеп те, аурухана да, жол да салынады. Осылайша, тұтас өңірлердің тұрақтылығы қалыптаспақ", — деді Айбек Дәдебай.

Бүгінде Қазақстан Еуразиядағы ең ірі көлік-транзиттік хабтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып келе жатқаны жасырын емес. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл сала 20,4%-ға өсіп, оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі 6,1%-ға жеткен болса, ал транзиттік тасымал көлемі 39 млн тоннадан асып түсті.

"Транзит енді тек жолдар, теміржолдар мен терминалдар мәселесі ғана емес. Ол өз табысы, жұмыс орындары, экономикалық өсімге қосатын үлесі бар дербес экономика саласына айналып келеді. Біз үшін бұл тек жүк тасымалданатын бағыт емес. Бұл – өз өндірісімізді дамыту, экспорт көлемін арттыру және еліміздің барлық өңірінде жаңа табыс көздерін құру мүмкіндігі", — деді партия төрағасы.

Кездесуге қатысушылар теміржол тарифтерін қалыптастыру, инвестиция тарту, халықаралық автомобиль тасымалдарын, жүк авиациясын дамыту және саланы одан әрі цифрландыру сияқты түйткілді мәселелерді ортаға салды.

"Көлік бизнесі «Әділет» партиясының бағытын қолдайды, себебі ол әділдік, ашық диалог және бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіпкерлерді толғандырған мәселелерді іс жүзінде шешу қағидаттарына негізделіп отыр. Дәл осындай тәсіл экономиканың белсенді қатысушыларын партия төңірегіне топтастыруға және салаларды дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік береді", — деді «Қазақстан Автокөлікшілер Одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Мұрат Амрин.

Басқосу барысында мемлекет пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастық моделіне ерекше назар аударылып, нақты міндеттер айқындалды.

"Солай бола тұра, бизнес дегеніміз тек кәсіпорындар ғана емес, ең алдымен сол кәсіпорындарда еңбек ететін адамдар. Сондықтан біз үшін еңбек ұжымдары, мамандар мен инженерлік кадрлар тап болатын мәселелерді көру маңызды. Міндеттер түсінікті болуы керек, мемлекет базалық инфрақұрылымды дамытып, ереже белгілейді, ал бизнес инвестиция салады, қызмет көрсетеді және жүк ағыны үшін бәсекеге түседі", — деді Айбек Дәдебай.

Іскерлік кеңестің жұмысын жүйелі жүргізу үшін экономиканың әртүрлі саласын қамтитын жеті тең төраға тағайындалды. Олардың қатарында Qarmet және Allur Group жетекшісі Андрей Лаврентьев, «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин, белгілі кәсіпкер Геннадий Зенченко және Қазақстан инвесторлар одағының басқарма төрағасы Рустам Жүрсінов бар. Сондай-ақ Қазақстандық салық кеңесшілері қауымдастығының мүшесі Айжан Балакешова, Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Инна Апенко және ERG менеджерлер кеңесінің мүшесі әрі Integra Construction KZ бақылау кеңесінің төрағасы Шахмұрат Мүтәліп те осы құрамға енді.

Жиын соңында жаңадан құрылған Іскерлік кеңес кәсіпкерлікті дамыту және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастықты жетілдіру жөніндегі маңызды бастамалар әзірленетін тұрақты алаңға айналатыны нақтыланды.

Войдите, чтобы оставить комментарий