Мәмбет Қойгелді: Алаш болмаса, Сахарада қой баққан қойшылар тобыры болар едік

02.10.2026 • 20:31 Томирис САҒЫНДЫҚ
Мәмбет Қойгелді: Алаш болмаса, Сахарада қой баққан қойшылар тобыры болар едік
100
Фото: Ақорда

Белігілі тарихшы, академик Мәмбет Қойгелді өз зерттеулерінде Алаш қозғалысының тарихи рөлі мен оның қазіргі қоғамдағы орнына жан-жақты тоқталады. Ол өз сөзінде қазақ халқының мемлекеттілік жолындағы күресі мен оның тарихи ақиқатын ашып көрсетеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы академик "Хабар" арнасының "Өнер өрнегі" бағдарламасында айтты. 

Мәмбет Қойгелдінің пікірінше, Қазақ халқының қазіргі таңда өз алдына дербес ел болып отыруы Алаш арыстарының жанқиярлық еңбегімен тікелей байланысты. Олардың сауатты да бірізді саясаты болмағанда, Кеңес өкіметі қазақ жерінің шекарасы мен ұлттық мәртебесін айқындап бермес еді. Академик бұл орайда Алаш идеясының ұлтты ұйыстырушы басты күш болғанын ерекше атап өтеді. Бұл тарихи фактор қазақ елінің болашағын айқындап берген негізгі діңгекке айналды.

«Алаш қозғалысы болмағанда, біз осындай ұлт болып қалыптаса алар ма едік? Бүгінгі мемлекеттілікке ие бола алар ма едік?. Мәселе сонда. Егер де мына Алаш болмаса, біз Сахарада қой бағып жүрген қойшылар тобыры болар едік. Осы — бізді ұлт деңгейіне, ұлт дәрежесіне көтерген қозғалыс. Бізді Ресей империясына мойындатқан қозғалыс. Біз кейде: «Совет өкіметі бізге мемлекеттік берді, территориямызды анықтап берді», — деп айтамыз. Бұның бәрі — өтірік, бұның бәрі — идеология, ол — жай сөз. Егер де Алаш қозғалысы болмаса, Алаш Орда өкіметі, Алаш партиясы болмаса, оның империяның алдына қойған талабы болмаса, сауатты деңгейде, өте іргелі тұрғыдан қойылмаса, онда cовет өкіметі бізді ұлт ретінде мойындамайтын еді. Біздің жерімізді, территориямызды анықтап бермеген болар еді. Бізге, ең болмаса, бейшара советтік автономияны бермес еді. Түсіндіңіз бе? Осы Алаштың арқасында біз ел болып, ұлт болып танылдық. Осы уақытқа дейін, өкінішке орай, осыны біз терең ұғына алмай келе жатырмыз, ұлт ретінде...» — деді Мәмбет Қойгелді.

Алаш қайраткерлері тек өз ішінде ғана емес, сыртқы саяси байланыстар мен азаттық қозғалыстарымен де тығыз қарым-қатынаста болды. Олар Орта Азиядағы ұлт-азаттық күрестерге қолдау білдіріп, саяси ынтымақтастық орнатуға ұмтылды. Бұл батыл қадамдар КСРО билік басындағылардың назарын аударып, кейіннен жаппай қуғын-сүргін толқынының басталуына себеп болды. Осылайша Алаштың бірінші және екінші буын өкілдері саяси репрессияның құрбанына айналды.

«...Енді мынау Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш басшылығы — ол кезде Орта Азияда қайрат, жігер көрсетіп, азаттыққа көтерілген, қазір басмашылар қозғалысы дейміз ғой, сондай қозғалыс, Заки Валиди, Әнуар паша бастаған қозғалыс. Орта Азиядағы сол қозғалысқа хат жазып, байланыс орнатып, оған Алаш Орда басшылары шыққан. Сонда Алаш Орда басшылары Мұхтар Әуезов бастаған, Діншә Әділев, Бірімжанов және де тағы сондай қазақтың сол кездегі 20-дан жаңа асқан жігіттерін осы Әнуар пашамен, содан кейін Заки Валиди Тоғанмен кездесуге жіберген. Ал енді олар қайтып келгеннен кейін совет өкіметі оны біліп қойды. Біліп қойды да, сол процесті бастап кетті. 1927 жылы Алаштың алғашқы буыны тұтқынға алынды, Қызылордада. Ал енді екінші буыны 1930 жылы тұтқынға алынды. Бүкіл Алаштық басшылық осы екі дүркін соттың нәтижесінде жауапқа тартылып, сотталды. Осы сот барсында осындай схема өмірге келді» — деді Мәмбет Қойгелді.

Тәуелсіздік жылдарында Алаш арыстарының есімін қайта жаңғырту және оларды толық ақтау бағытында маңызды мемлекеттік шешімдер қабылданды. Соның нәтижесінде мұрағаттардағы мыңдаған құпия құжаттар жинақталып, ғылыми айналымға енгізілді. Осы деректер арқылы Дінше Әділев сияқты жас болса да ұлт мәдениеті мен өнерінің негізін қалаған тұлғалардың еңбегі қайта бағаланды. Ғалым мұрағаттық құжаттардың ұлттық тарихты түгендеудегі зор рөлін осылайша жіпке тізеді.

«2020 жылы Президенттің Жарлығы шықты. Осы репрессия құрбандарын толық ақтау туралы. Енді ең алдымен, әрине, репрессия құрбандары Алашордалықтар болды, соларды ақтау туралы. Соған байланысты үкіметтік шешім қабылданды, Президенттік аппарат осы Алаш қозғалысына қатысты құжаттарды Президент архивіне жинау туралы. Соның нәтижесінде 700 мыңнан астам құжаттар осы Алаш қозғалысына байланысты Президенттің архивінде топтастырылды. Сонда қазір тұр. Құжаттар жинағы соның негізінде дайындалды. Соның ішінде мынау Дінмұхамед Әділевтің осы жасаған құжаты, осы документ соның ішінде бар. Дінше Әділев — өте бір ғажап тұлға, жас бала. Ол кезде 27-28-дегі жігіт. Ең алғашқы сотқа тартылған азамат. Ол — ең бірінші мына Қызылордада Қазақ драма театры құрылғанда, осы бірінші драма театрының алғашқы директоры, соны құрған кісі. Мыржақып Дулатовтың шәкірті. Мыржақып Дулатов ол туралы үлкен бір жақсы мақала жазған «Қазақ» газетінде: «Омбыға барғанымда бір бала көшеде, жағдайы төмен, жататын орны да жоқ, сонда жүр екен. Сол баламен таныссам: «Оқуға келіп едім, оқуға түсе алмадым», — деп айтты». Мыржақып Дулатов сол оқуға түсуге көмектесіп, сол Омбыда білім алған азамат...» — деді Мәмбет Қойгелді.

Войдите, чтобы оставить комментарий