«Әділет» партиясы тау-кен саласындағы түйткілдерді көтерді

01.07.2026 13:35 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Әділет» партиясы тау-кен саласындағы түйткілдерді көтерді
75
Фото: Әділет партиясы

«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі алаңында тау-кен металлургия кешенінің басшылары бас қосып, саладағы өзекті мәселелер мен шикізатты терең өңдеу жолдарын талқылады, деп хабарлайды Politico.kz.

Партия төрағасы Айбек Дәдебай Қазақстанның бай минералды шикізат қоры ең алдымен ел экономикасын дамытуға қызмет етуі керектігін алға тартып, бұл мәселенің әлеуметтік әділдікпен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Бұл – тек экономикалық мәселе емес. Бұл – әділдік мәселесі. Жер байлығы халықтың әл-ауқатына айналуға тиіс. Сондықтан «Әділет» партиясы терең өңдеу ісін дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және жоғары деңгейде өңделген өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған Президенттің стратегиялық бағдарын толық қолдайды», – деді Айбек Дәдебай.

Оның сөзінше мемлекет тек шикізат экспорттап, одан жасалған дайын өнімді сырттан сатып алатын болса, негізгі табыс пен жаңа жұмыс орындары шетелде қалады. Сол себепті шикізатты терең өңдеу өнеркәсіп саясатының басты басымдығы болуы шарт. «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының мәліметінше, өткен жылы тау-кен металлургия кешені жалпы ішкі өнімнің шамамен 8 пайызын қамтамасыз етіп, өндірілген өнім көлемі 14 трлн теңгеден асқан, ал экспорт көлемі 21,4 млрд $ құраған.

«Сирек кездесетін минералдарға қолжетімділік мемлекеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлардың біріне айналуда. Қазақстан бірегей минералды шикізат базасына ие және оны тиімді игеру қадамы еліміздің әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Нариман Абсаметов.

Жиын барысында Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец сала үшін теміржол тасымалының стратегиялық маңызын айта келіп, транзиттік тасымал кірістерін теңгерімді бөлу қажеттігін жеткізді.

Өз кезегінде саланы өркендету үшін мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы үнемі байланыс орнауы қажеттігін еске салған «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі де өз пікірін білдірді.

«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі отандық өнеркәсіпті дамытуға және Қазақстан экономикасын нығайтуға бағытталған бастамаларды әзірлейтін тиімді алаңға айналатынына сенімдімін», – деді Руслан Өскенәлі.

Кәсіпорындарды жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және білікті кадрлар даярлау мәселесі де назардан тыс қалмады. «Qarmet» АҚ басшысы Вадим Басин өндірісті дамытудың басты шарты ретінде еңбек қауіпсіздігі мен кәсіби мамандарға инвестиция құюды атады.

«Өнеркәсіп секторы үшін әділдік – адамның еңбегін құрметтеу деген сөз. Кәсіпорын қауіпсіздік есебінен емес, өз алдына дамуға тиіс. Инвестиция тек жабдықтарға ғана емес, адамдарға да бағытталуы керек», – деді Вадим Басин.

Кездесуді қорытындылаған партия төрағасы айтылған ұсыныстардың барлығы жүйеленіп, тау-кен металлургия саласын дамытуға арналған бірыңғай бастамалар топтамасы әзірленетінін мәлімдеді. Бұл құжаттың негізіне бизнес өкілдері мен сарапшылардың пікірлері енеді.

«Бүгін нақты әрі шын мәнінде аса маңызды өте көп ұсыныс айтылды. Олардың әрқайсысы жан-жақты қаралып, жүйеленіп, Іскерлік кеңестің алдағы жұмысының бір бөлігіне айналады. Біздің міндетіміз – бизнес пен мемлекет арасындағы диалогтың күн сайын жалғасуын қамтамасыз ету», – деді Айбек Дәдебай.

Жиын соңында ұйымның жаңа мүшелеріне партиялық билеттер табыс етілді.

Войдите, чтобы оставить комментарий